"Бірақ" бағдарламасының журналистері жазалана ма – Сенат төрағасы жауап берді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сенат кулуарында даулы ток-шоуға байланысты пікір білдіріп, бағдарлама журналистері жазалана ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сенат кулуары
"Бұл мәселеге мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз бағасын берді. Өйткені министрлік осындай мемлекеттік арналармен жұмыс істеп отыр. Сондықтан тиісті баға берілді және бұл ток-шоу жабылды. Халықтың да пікірі ескерілді деп айтсақ орынды. Осы ток-шоуды дұрыс ұйымдастыра алмаған арнада жұмыс істейтін қызметкерлерге де баға берілген шығар. Әрі қарай мемлекеттік арналарда мұндай мәселе мен олқылықтар болмайды деп санаймыз", – деді сенат төрағасы.
Тілшілер сенат спикерінен "Ток-шоу жабылды, бірақ қандай да бір жаза қолданылуы керек пе?" деп сұрады.
"Редакцияның, "Хабар" телеарнасының ішінде де бұл мәселеге байланысты тиісті сараптама, шешімдер болады деп ойлаймын. Өйткені бұл мәселені министрлік бақылауында ұстайды. “Бұл осымен бітті, журналистер, енді басқа жобамен айналысыңдар” деген шешім бола қоймайтын шығар. Өйткені агенттік басшылығы да, министрлік басшылығы да бұл мәселенің жауапкершілігін сезіп отыр. Сол себепті агенттік басшысы тарапынан тиісті шешім болады деп ойлаймын", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар тілшілер сенат спикерінен “Салық төлеушілер есебінен күн көріп отырған және осындай мазмұндағы бағдарламаларды дайындайтын мемлекеттік арналар қажет пе?” деп сұрады.
“Қазір бұл тақырып біздің қоғам үшін өзекті және өткір екені түсінікті. Бірақ бір жағдайға бола барлық мемлекеттік арнаны кінәлау дұрыс емес шығар. Олар да өздерінің белгілі бір функциясын, яғни ақпараттандыру, елдегі жағдайды жариялау міндетін орындап жүр.
Қалыпты елде әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары – мемлекеттік және мемлекеттік емес болуы керек. Қазақстан заңына сәйкес жұмыс істейтін блогерлер де қажет. Менің ойымша, тараптар өздері үшін қорытынды шығарды”, – деп атап өтті сенат басшысы.
Айта кетейік, 12 наурызда "Хабар" арнасының "Бірақ" отбасылық ток-шоуында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелге арналған бағдарлама көрсетілді. Ток-шоу кезінде жүргізушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрледі. Бұл жағдай ел арасында сынға ұшырап, дау тудырды. Кейінірек мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бағдарлама жабылғанын мәлімдеді.