Бір жыл бұрын салынған бөгет жарылған: Петропавлдағы сапасыз құрылыс тағы сынға қалды
Фото: Видеодан скрин
Петропавлда небәрі бір жыл бұрын салынған төрт шақырымдық жер тоғаны (плотина) жарамсыз күйге түсті. Өткен көктемде "Подгора" шағынауданын су тасқынынан қорғау үшін тұрғызылған бұл нысан сапасыз салынған болып шықты. Тоған бірнеше жерден жарылып, жарықтар пайда болған. Енді тұрғындар дабыл қағып, биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
"Подгора" шағынауданының тұрғыны Дмитрий Фирсовтың үйін өткен жылғы су тасқыны кезінде еріген қар сулары шайып кеткен. Ол жағдайдың қайта қайталануынан қорқады.
"Дамбылар қыс мезгілінде, аяз кезінде салынды. Сол себепті топырақ мұз болып, кейін отырды. Қазір жарықтар жан-жаққа таралып кеткен. Бұл бізді қатты алаңдатады, себебі қорғаныс бөгеті өте нашар жағдайда. Оны жөндеу немесе нығайту жұмыстары мүлде жүргізіліп жатқан жоқ", – деді Дмитрий Фирсов.
Бұрын бұл аумақтан Ресей шекарасына апаратын республикалық маңызы бар айналма жол өтетін. Өткен жылы су тасқынынан кейін билік биіктігі үш метр болатын жер бөгет тұрғызып, көлік қозғалысын шектеген. Алайда тоған күтімсіз қалды, осылайша бұзыла бастаған.
Шағынаудан тұрғыны Валерий Штанденконың айтуынша, бөгетті жөндеуге арналған техникалар тартылмаған.
"Қазір грейдер жіберіп, жолды тегістеп, нығайту керек. Бетон плиталармен бекітіп, қарсы жақтағыдай ретке келтіру қажет. Көктемде қойылған құм салынған қаптар сол күйі жатыр, ешкім қозғамаған", – деді Валерий Штанденко.
Петропавлдағы әкімдік өкілі Тимур Жұманов мәселені жергілікті билік білетінін және бақылауда ұстап отырғандарын айтады.
"Бұл нысан тұрақты түрде техникалық бақылауда. Кепілдік міндеттемелерге сәйкес, мердігер компания топырақ үйіндісін нығайту және қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Барлық іс-шаралар толық көлемде орындалатын болады", – деді Тимур Жұманов.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында ұзындығы 32 шақырымнан асатын 8 жер тоғаны салынған еді. Олардың көпшілігі бетонмен нығайтылған. Алайда "Подгора" аумағындағы тоған бетон қоспасымен бекітілмегендіктен, қысымға шыдамай жарылып кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында су тасқынының алдын алу үшін үкіметтен 1 млрд теңге бөлінгенін жазған едік. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан Қарасу ауданында бес көл: Тімтуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдері қосылып, жалпы ауданы 621 км2 болатын су басу аймағының қалыптасуына әкеп соқтырды

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
