Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір жыл бұрын көкпарды алып тастаған Қырғызстан көшпенділер ойындарына көкпарды қайта қосты

Көшпенділер ойыныФото:News/Ұлттық құрама (telegram.org)

Бір жыл бұрын жарыс бағдарламасынан алынған көкпар Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тізіміне қайта енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылы Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Айбек Әбдімомынов 2026 жылғы ойындарда тек көкбөрі турнирі ұйымдастырылатынын, ал қазақтың көкпары бағдарламаға кірмейтінін мәлімдеген.

Алайда кейін жағдай өзгерді. "Қазақстан көкпар федерациясының" президенті Айдарбек Қожаназаров көкпар қайта жарыс бағдарламасына енгізілгенін хабарлады.

"Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, қырғызстандық әріптестермен талқылай келе осындай шешімге қол жеткіздік. Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыздың ұлттық болмысын айқындайтын негізгі спорт түрлері. Бұл - тек ойын емес, ұрпақтар сабақтастығы, ортақ мәдени код. Сондықтан мұндай халықаралық жарыстарда спорт достық пен бірліктің нышаны болуы керек", – деді ол.

Айта кетейік, 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар мен көкбөрі сайыстары қатар ұйымдастырылған еді. Көкпар бәсекесінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп, алтын жүлдені иеленді. Ал күміс жүлдеге қол жеткізген Қырғызстан командасы марапаттау рәсімін күтпей, мінберден кетіп қалған.

Көкпар бірнеше елде кең таралған әрі маңызы зор ұлттық ойын. Бұл спорт түрі Қазақстанмен қатар Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан секілді мемлекеттерде де дамыған.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізіліп, шамамен 100 елден қатысушылар келеді деп жоспарлануда.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 15 Қаңтар, 2026 19:13