"Бір жыл бойы қаражат жинадық": Маңғыстаулық әкенің 10 қызы мерейтойына пәтер сыйлап, көпшілікті тәнті етті
Фото: Жақсыгүл Шалғынқызының жеке архивінен
Маңғыстаулық Шалғын Өтеғұловқа 60 жас мерейтойына орай 10 қызы пәтер сыйлады. Мұндай тосынсый көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың ықыласына бөленді. Әулеттің үлкен қызы Жақсыгүл Шалғынғызы Stan.kz тілшісіне пәтерге қалай ақша жинағандарын, тосынсыйды өмірдегі ең жақын адамдарды қалай қабылдағанын айтып берді.
Жақсыгүл Шалғынқызы таяуда әкелерінің 60 жылдық мерейтойын ерекше әрі есте қаларлықтай етіп тойлағандарын айтады. Отбасындағы 10 қыз бен 1 ұл жұмыла жабылып, тойды жақсы өткізуге тырысқан.
"2021 жылы әкемізге LADA Niva көлігін сыйлаған едік, сол кезде бұл жаңалық әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің назарын аударған. Алайда біз ешқашан "жұлдыз болайық" деген ниетті көздеген емеспіз, бәрін әкеміздің қуанышы үшін жасадық. Өйткені біз – қарапайым ауылдағы отбасыдан шыққан, бір-біріне сүйеу болған он бір перзентпіз. Ата-анамыз да, өздері айтқандай, даңғазалықты емес, қарапайым өмірді қалайды. Перзенттері ақылдаса келе, бұл мерейтойды ерекше есте қаларлықтай етуге бел будық. Бір жыл бойы дайындалып, әрқайсымыз шама-шарқымызша қаражат жинадық", – деді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Үйдегі үлкен қыздардың қолы босамай, Ақтаудан үйді іздеуге егіз сіңлілері Әмина мен Әлина атсалысқан екен.
"Бұл үйді ата-анамызға тосынсый ретінде сыйлауды шештік. Бұған дейін қыздар бір бөлмелі үй алып берген еді, онда қазір қыздардың өзі тұрып жатыр. Ата-анамыздың ауылда қарайтын малы бар деген секілді. Сондықтан жастары келгендіктен арасында “қалаға келіп қаралып, демалып кетсін” деп үй сыйладық. Одан бөлек, анамызға алтын білезік тарту еттік", – деді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Фото: Жақсыгүл Шалғынқызының жеке архивінен
Үйдің үлкені үйге нақты қанша теңгеден жинағандары құпия болып қалсын дейді. Десе де, ата-аналарына арналған тосынсыйды жоғары деңгейде өткізу үшін біраз шығындалғанын мойындады.
"Той кезіндегі ұсақ-түйек сыйлықтар, видеооператор мен мобилографтың қызметі бар. Мұның бәріне 700 мың теңгеден жинадық. Қалған қаражаттың бәрі үйге жұмсалды. Бұл үшін бұрыннан бері асықпай жинақ сандықша ашып, біртіндеп жинап жүргенбіз. Пәтерді осы жылдың сәуір айында сатып алдық, ал кілтін 14 маусымда ата-анамызға салтанатты түрде табыстадық. Екі ай бойы бұл жаңалықты ешкімге айтпай, құпия сақтап келдік. Жастары келген әке-шешеміздің қалада да жайлы өмір сүргенін қалап, пәтердің ішін толықтай жаңадан жасақтадық", – деді үйдің үлкені.
Жақсыгүл Шалғынқызы әке-шешесінің бұл күн олардың өміріндегі күтпеген сәт болғанын айтады. Аналары қуаныштан көзіне жас алған екен. Балалары да сыйлықты тапсырар алдында қатты қобалжып, қуаныштан жүрегі дүрсілдегінін атап өтті.
"Анамыздың бұдан шок алып қалғаны соншалық "Сендерден көп нәрсені күтуге болады екен. Сендерден қорқу керек екен" деп қалды. Әлі түсім сияқты, бөтен үйде отырған сияқтымын" деп таңданысын жеткізді. Сөйтіп той болар күннен бір күн бұрын жаңа үйге барып дастархан жасап қойдық. Мейрамханадан шыққаннан кейін бірден сол жаққа барайық деп әзірледік. Кейін барлық туған-туыс болып сол үйге бардық. Осыдан соң халықтың ықыласына бөленіп, әке-шешемізді төрге отырғызып, той өткіздік. Жанымызда әке-шешеміз аман-есен жүргеніне Аллаға мың да бір шүкір дейміз", – деп Жақсыгүл Шалғынқызы ағынан жарылды.
Толқын мен Шалғын Өтеғұловтар қарапайым еңбек адамдары екен. Әкесі бұрын өңірдегі Қаламқас кен орнында жұмыс істеп, қазір ауыл мектебінде күзетші болып қызмет атқарып жүр. Ал аналары да сол мектепте вахта қызметкері болып жұмыс істейді. Қызының айтуынша, ата-анасы – бар өмірін бала тәрбиесіне, адал еңбекке арнаған жандар.
"Мұндай үлкен іс-шараны жасау ең әуелі, Алланың қолдауы, одан кейін жолдастарымыздың, ата-енеміздің қолдауының арқасы. Ерлеріміз бізге сеніп, бастамамызды қолдады, демеу болды. Әсіресе өз жолдасымның демеуін ерекше атап өткім келеді. Ата-енеміз де идеяны жылы қабылдап, рухани жағынан қолдап отырды. Әке-шешеміздің көзі тірісінде қадірін біліп, қуаныш сыйлау – ең үлкен парыз. Қарапайым ғана ауылдың қыздары болсақ та, біріксек, тауды да қозғай алатынымызға тағы бір мәрте көзіміз жетті", – деді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Фото: Жақсыгүл Шалғынқызының жеке архивінен
Айта кетейік, үйдің үлкені Жақсыгүл Шалғынқызының жасы 37-де. Ең кенжелері 16 жастағы Сүйеніш.
"Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Қызан ауылында тұрамыз. Өзім мұғаліммін. Үйде көбі қыз бала болған соң ата-анамыз бәрімізді мұғалім мамандығында оқытты. Тек бір қыз мәдениет саласында, яғни ауылда мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарады. Бауырларымның аты-жөні Айгүл, Әсел, Теңге, Ұлдана, Нұрландық, Әмина-Әлина есімді егіздер, Шаттық, Елнұры, інім Сүйеніш", – деп толықтырды Жақсыгүл Шалғынқызы.