Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір жарым жыл қудалау: Қазақстанда сталкинг үшін алғашқы үкім шықты

сталкингФото: freepik.com

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жаңа бабы "Сталкинг" бойынша алғашқы тергеу аяқталып, Петропавл қалалық соты қудалау фактісіне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жаңа бабы "Сталкинг" бойынша тергеуді аяқтады. Елдегі қудалау фактісі бойынша алғашқы үкім Петропавл қалалық сотында жарияланды.

Жәбірленушінің арызына сәйкес, оны бір жарым жылдан астам уақыт бойы 37 жастағы қала тұрғыны қудалаған. Ол полицияға ер адамның өзіне үнемі бақылау жасап, назойлы түрде көңіл бөлуге тырысқанын, өзі және жақын ортасымен жанжалға барғанын хабарлаған.

Бұған дейін ер адам жәбірленушінің атына балағат сөздер айтқаны, дене жарақатын келтіргені, сондай-ақ оның танысына шабуыл жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда соған қарамастан, қудалауын тоқтатпаған. Жәбірленуші тыныштығынан айырылып, қала ішінде еркін қозғалу мен адамдармен қарым-қатынас жасаудан қорқа бастағанын, өзге де азаматтар оның назойлы әрекеттерінен жапа шегуі мүмкін екенін айтқан.

солтүстік қазақстанФото: СҚО соты

2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы "Сталкинг" күшіне енгеннен кейін, айыпталушы жәбірленушімен екі рет байланыс орнатуға әрекеттенген. Сол әрекеттердің бірі жәбірленуші подъезіне орнатқан бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Ол 22 қаңтар күні полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары қысқа мерзімде тергеу жүргізіп, материалдарды сотқа жолдады. 28 қаңтарда айыпталушыға қатысты үкім шығарылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен қатар оған алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынып, профилактикалық әңгімелесу үшін полицияға тұрақты түрде келу міндеттелді және жәбірленушімен кез келген байланысқа түсуіне қатаң тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, қаңтар айында облыста сталкингтің екі фактісі тіркелген, екіншісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.



Еске салайық, бұған дейін Астанада бұрынғы қызын үш ай бойы аңдыған жігіт 15 тәулікке қамауға алынғанын жаздық. Кейін жігіт кешірім сұрап, түзелуге уәде бергенімен, біраз уақыттан соң жағдай қайта қайталанып отырған. Қорқыту мен жанжал үдей түскен. Тіпті өзін прокуратурада жұмыс істеймін деп таныстырып, қызды түрмеге отырғызамын деп қорқытқан. Алайда мәліметтің жалған екені анықталды. Мұндай әрекеттердің басты себебі қызғаныш болған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 17:19