"Көке мен сізді алдамаймын деп ант еткен": Бишімбаевтың әкесі 1 миллион долларға қатысты іс бойынша сотта куәлік берді
Фото: parlam.kz
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы Бекзат Кемеловаға қатысты 990 мың долларды алдап деген айып бойынша іс қаралып жатыр. Сотта Қуандық Бишімбаевтың әкесі, профессор Валихан Бишімбаев жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Курсив” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бишімбаевтар отбасы өздерінің туысы Бекзат Кемелованы миллион долларға жуық қаражатты алаяқтық жолмен иемденді деген айыппен сотқа берген.
Валихан Бишімбаевтың айтуынша, Бекзат Кемелова күн сайын үйлеріне келіп, жемқорлыққа қарсы агенттік отбасыларын тексеріп жатқанын айтып қорқытқан.
“Кемелова агенттікте танысы барын, құзырлы органдар біздің отбасымыз бен туыстарымызды тексере бастағанын айтты. Үйдегі әңгімелердің тыңдалатынын айтып, тек қағазға жазып қана сөйлесу керек екенін жеткізді. Шамамен отыз шақты туыстың аты жазылған тізім дайындалды. Бірақ тізімде “Кемеловтер” болмады”, – деді Валихан Бишімбаев.
Валихан Бишімбаев айтуынша, ол әйеліне мұндай ақпараттарға сенбе деп ескерткен. Сол уақыттарда Салтанат Нүкенованың әкесінің президентке жазған хаты тарап кеткен. Бұл жағдайдан кейін Кемелованың әрекеті күшейе түскен.
“Кайрат Кемелов үйге келгенде, мен оған “Неге жұбайың мұндай әңгіме таратып жүр? Үйге келмесін, бос сөзді доғарсын” дедім. Бірақ Кемелова күнде келіп әрекетін жалғастырды. Әйеліме тіпті “Бекзатты үйге кіргізбе” дегенмін”, – деді Бишімбаев.
Антикордан қорыққан Бишімбаевтың анасы туыстарына 1 миллион долларды қалай бергенін айтты
Осы кезеңде Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемеловаға 990 мың долларды сақтауға берген. Валихан Бишімбаев бұл туралы бірнеше айдан кейін ғана білген.
“Ақшаны бергенін мен тек несие төлеу керек болғанда білдім. Әйеліме үйдегі ақшадан төлеуге болатынын айттым. Сол кезде ол ақшаны Бекзат Кемеловаға сақтауға бергенін мойындады. Мен оған “Не істегеніңді білесің бе? Бұл ақшаны енді көрмейсің” дедім. Қазақта “Періште алтын көрсе, жолдан таяды” деген сөз бар”, – деді Бишімбаев.
Мұны естігеннен кейін Валихан Бишімбаев Кемеловамен сөйлескен.
“Кемелова “Көке, мен сіздерді алдамаймын. Ақша сенімді жерде. Бәрін қайтарамын. Нан ұстап ант етемін. Намаз оқимын. Аллаға сенемін. 27 тамызда қайтарамын” деді”, – деп еске алады Бишімбаев.
Алайда ол оған сенбеген. Белгіленген күні Кемелова байланысқа шықпаған. Кемелованы үйіне іздеп барғанда, көшіп кеткен болып шықты.
“Жаңа мекенжайын тауып, сонда бардық. Сонда Кемелова “Ақша жоқ. Маған не істей аласыздар” деп жауап берді”, – дейді Валихан Бишімбаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстары Қайрат пен Бекзат Кемеловтерді сотқа берді. Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық алаяқтық жасады, ал оның күйеуін жала жапты деп айыптады. Биыл мамыр айында Астанада Куандық Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы "ар-намыс пен абыройды қорлау" ісі бойынша сотта жеңіске жеткен болатын.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды