Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір күнде мені жамандаған бес-алты мақала шықты": Мұхтар Мағауин соңғы сұхбатында не себепті елден кеткенін айтты

Белгілі тележурналист, продюсер Жанар Байсеміз марқұм жазушы Мұхтар Мағауиннің соңғы сұхбатын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

АҚШ-та тұратын халық жазушысы елден кету себептерін де бүкпесіз баяндаған. 

“Кетпеске болмады. "Жұлдыз" деген журналда отырдым, мен ол журналға Олжас Сүлейменовтің қолдауымен 1988 жылы өтіп едім. Мені ұзақ отырғызған жоқ, өйткені біз барлық уақытта ұлттық мәселелерді көтердік. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін мені одан бетер жек көретін болды. Жұмыс істетпеді. Мені ешкім тыңдаған да жоқ. Бізде бәрі басқаша болды. Мысалы біздің қызметкерлер жұмысқа түскі 1-де келетін. Журналымыз Жазушылар Одағына қарайтын. Оны тыңдай бермейміз. Бір күні одақтың басшысы қоңырау шалып: "Жұрт сіздерді жұмысқа уақытылы келмейді деп айтып жатыр" дейді. Мен “сен Мәскеудегі журнал қызметкерлерінің қалай жұмыс істейтінін білесің ғой, бес күн жұмыста отырмайды. Аптасына бір-екі күн ғана келеді. Неге қазақ олай отырмауы керек?" дедім. Сонымен ұлт мәселесін көтердік. Бізге қарсы науқан басталды. Апта сайын мені жамандаған мақала басылады. Бір күні бес-алты мақала қатар шыққан кез болды. Ақыры 2006 жылдың қараша айында мені журналдан кетірді, мен өзім дайындалып жүргенмін, портфелімді алып кете бердім. Бірақ журналды қимай жүргенмін", – деді жазушы.  



Марқұм қаламгердің сөзінше, шетелде тұратын ұлының қолына барып, сол жақта түбегейлі жазушылыққа бет бұрған көрінеді. 

“Ұлым Прагадағы "Азаттық радиосында" жұмыс істейтін. Мені Европаға шақырып жүрген. Қимайтын не бар, шетелге келдім. Едіге 1995 жылы келді. Бұрын ұлымызға келіп, айлап жатып кететінбіз. Алты күн демалдым да, жетінші күні жазуға отырдым. Бір әңгімені жазып біттім де, "Жармақ" деген романды жазуға отырдым. Бақ деген сол, оның алдында жазған нәрселерім өзім редактор болып отырған соң шықты. "Тесікбас" деген романым, "Қыпшақ аруы" деген романым өзім отырған соң ғана басылды. Басқа біреу болса, жібермес еді", – деп сырын ақтарған Мағауин. 

Еске салайық, марқұм жазушы АҚШ-та жерленген еді. 

Талқылау