"Енемнің ең сүйікті келінімін”: Қазақ азаматына тұрмысқа шыққан орыс әйел қазақ тілінде еркін сөйлеп, дәстүрлерді ұстанады
Наталья Арыстанова мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі. Әке-шешесі орыс ұлтынан болса да, бала кезден қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы артып, бір күнде қазақша сөйлеп кеткен. Қазақ азаматына тұрмысқа шығып, салт-дәстүрді берік ұстанатын Наталья бүгінде қазақ тілін білу кәсібінде, күнделікті тіршілігіне өте қажет дейді. Stan.kz тілшісі Наталья Арыстановадан отбасындағы салт-жоралғылар мен қазақ тілін қалай үйренгені жайлы сұрады.
Наталья Арыстанова Теміртау қаласында туып-өскен. Қазіргі уақытта тігін цехін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өзінде жұмыс істейтін қызметкерлеріне де қазақ тілін үйретіп жүр. Себебі мемлекеттік тілді білу маңызды деп есептейді.
Наталья Ивановна. Жеке архивтен
“Қазаққа тұрмысқа шығатынымды сездім”
“Ата-анам Теміртауда танысып, сол жақта тұрып, кейін әкем кенже ұл болған соң Ақтөбенің Мұғалжар ауылына қайтады. Сол өңірде жиырма бес жылдай тұрады. Екеуі де орыс ұлтының өкілдері болса да, қазақ дәстүрлерін ерекше құрметтейтін. Алайда анам қаланың қызы болды, жастайынан үйренбегендіктен бе, қазақ тілін үйрене алмады, ал әкем ауылдың адамы, жақсы сөйлейтін”, – дейді Наталья Арыстанова.
Оның сөзінше, қазақ тілін бала кезден үйренген.
“Қазақтардың ортасында өскен соң болса керек, бір күнде сөйлеп кеттім. Бала кезден қазақша үйренгендіктен шығар. Есейе келе адам сөйлеуге ұялады, белгілі бір комплекстері пайда болады. 12-13 жасқа дейін қазақша сөйлемейтінмін. Түсінетінмін, бірақ “жұрт күлетін шығар”, “дұрыс айта алмай қалам ба” деп көпке дейін сөйлемей жүрдім. Бір күні байқамай сөйлеп кеттім (күледі-авт.) Жан-жағыма бағып қарасам, күліп ортаға салып жатқан ешкім жоқ.
Мектептегі мұғалімім өз ісінің маманы еді. Сабақты мәдениетті түрде өтіп, түсінікті тілде жеткізетін. Сол кісіден ұялып сабаққа жақсылап дайындалып баратынмын. Диктант жазған кезде қазақ тілінен 5-ден баға алып, орыс тілінен 4 алып қалатынмын. Бұрынғы уақытта мектеп бағдарламасы басқаша болатын. Тез үйреніп кеттік. Жазуды да білемін, оқи да аламын. Ал қазіргі оқушылардың бағдарламасы өзгеше ғой”, – дейді Наталья Арыстанова.
Айтуынша, қазақтардың арасында жүрген соң қазақ азаматына шығатынын сезген. Жұбайы екеуі оқуда танысқан екен.
“Мектепті бітірдім, Теміртауға оқуға қайтып келдім. Тұрмысқа шықтым. Жолдасым Ақтөбеден, өзі кіші жүз. Қазақша сөйлеген соң жігіттер мұндай қыздарды жібермейді ғой. Ортам қазақтар болған соң, қазаққа тұрмысқа шығамын деген ой жастайымнан көкейімде болатын. Әке-шешем ауылда өскен соң қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын дегенге қарсы бола қойған жоқ”, – дейді ол.
Наталья Ивановна отбасымен
“Енемнің ең сүйікті келінімін”
Оның сөзінше, жұбайының туыстары да өзін жылы қабылдаған. Отасқанына 27 жыл болған ерлі-зайыптылардың бүгінде екі баласы бар.
“Қазақ тілін білгеннен де шығар жұбайымның туыстарымен ешқандай қиындықтар болған жоқ. Қайын атам ақылды, діндар адам еді. “Сендерді қосып жатқан мен емес, Құдай” дегені әлі есімде. Бізге ақ батасын беріп, жақсы қабыл алды. Өзім батыстан болған соң қиналып, әлденені түсінбей қалған сәттерім аз. Шай құюдан бастап, сәлем беру, орамал тағу сияқты салт-жоралғыны ұстандық. Әрбір өңірдің өзінің ерекшеліктері бар. Мәселен, біз жақта табақ алғанда ғана сәлем салады, ет асқанда түйенің өркешін де етке саламыз.
Енемнің ең сүйікті келінімін деп ойлаймын. Келін болып түскенде біраз уақыт ауылда тұрдық. Содан соң қалаға келіп жұмыс істедік. Қазір енем екеуміз екі түрлі қалада тұрамыз. Бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. Қолымнан келгенше көмегімді беріп, сыйлығын алып, көңілін көтеріп отыруға тырысамын.
Бала-шағаны үлкенді қалай сыйлау керектігін көрсету арқылы тәрбиелеу керек деп есептеймін. Шаңырағымызға келетін қонағымыз таусылмайды, есігіміз ешқашан жабылмаған. “Құнақ келсе – құт” деп жүретін адамның қатарынанмын”, – дейді қазақ отбасының келіні.
- "Тойда көрімдік береді, сыйлық сыйлайды": Нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қыз екі елдің дәстүріндегі ұқсастықтар жайлы айтты
- "Он төрт сиыр, он екі бие сауатынмын": Қазақ азаматына тұрмысқа шыққан корейлік әйел ауылдағы тұрмысы мен қазақ тілін үйренуі жайлы айтты
22 ұл баланы қырқынан шығарып, 11 қыздың тұсауын кестім
“22 баланы қырқынан шығарып, кіндік шеше болдым. Сәті түсе ме, әйтеуір тек ұл балаларды қырқынан шығарамын. 11 қыздың тұсауын кестім. Меніңше, бұған адамның мінезі сәйкес болуы керек. Мені сыйлағаннан осындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Барлығы адамның тәрбиесіне байланысты. Бүгінде екі балам бар: үлкені Лаура, кіші ұлым Жангелді. Саудамен, тігін өндірісімен айналысамын. Тігін цехін ашып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Жастық, көрпе сыртына “Сүйікті әжеге” деген сынды жазулар жазамыз”, – дейді кәсіпкер ана.
Наталья Ивановна. Жеке архивтен
Қазақша сөйлесең, бәрі таңғалып қарайтын
Айтуынша, мемлекеттік тілді білуі арқылы кәсібін табысты әрі сәтті жүргізіп отыр.
Жұмыс барысында қазақ тілін білуім клиенттермен жақын қарым-қатынас орнатуға, олардың қалауларын түсінуге таптырмас құрал. Мәселен, көп адам ойын жеткізе алмай, қиналып тұрғанын айтады. Сонда қазақ тілінде сөйлесіп тіл табысамыз. Қай жерде жүрсең де тіл құтқарады”, – дейді Наталья Арыстанова.
Алайда бұрын қазақша сөйлейтіндерге қала тұрғындары таңғалып қарайтын.
“Сыныпта төрт орыс болдық. Бәрінен де мен қазақша жақсы сөйлейтінмін. Теміртауда жас кезімде 4 пайыз қазақ тұратын. Ол кезде тіпті автобусқа мінгенде ешкім қазақша сөйлемейтін. Сөйлесең, бәрі таңғалып қарайтын, елге қызық болып көрінетін, тіпті “қалай сөйлейсің?” деп сұрақ қоятын.
Бала кезде теледидарда екі арна болатын: “Россия” және “Хабар”. Қазақ тіліне аударылған орысша фильмдерді көретінмін. Неге десеңіз, өзің білетін, түсінетін фильмді қазақша көргенде сөздерін ұғынатынмын. Осылайша, тілді түсініп, сөздерді жаттап, үйрендім”, – дейді Наталья.
“Шала сөйлеген ұят” деп намыстандым
Қазақ тілін бала кезден үйренген Наталья қазірдің өзінде тілін дамыту үстінде.
“Визуалды ақпараттарды қарап тез үйрендім, себебі көп жағдайда біреуден көмек сұрауға ұялатынмын. Намысым бар, сөйлеген соң дұрыстап сөйлейін дедім. Шала сөйлеген ұят деп санадым. Қарапайым Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда екі тілде ұсынылған ақпараттарды салыстырып оқып отырамын. “Заявление – Арыз”, “Ақпарат – Информация” деген сөздерді, жаңа шыққан, өзім білмейтін ұғымдармен танысып, жаттап алуға тырысамын. Өнімді сатып алған кезде құрамын оқып, салыстырып мына сөзді қалай аударды екен деп қызығып отырамын”, – дейді Наталья.
Тілді адам өзі үшін үйренеді, дейді кәсіпкер ана. Айтуынша, адамның мақсаты мен қызығушылығы болса ғана тілді үйрене алады.