Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір ғана адамның билік жүргізуі себеп": Мәжіліс төрағасы суперпрезиденттік басқару жүйесі саяси дағдарысқа әкелгенін айтты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста елімізде 30 жыл бойы қолданылған суперпрезиденттік басқару формасы саяси дағдарысқа алып келгенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Amanat партиясының баспасөз қызметі

Ерлан Қошановтың сөзінше, саяси дағдарысқа бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды.

“Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді. Сондықтан үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту процесін бастаудың маңызы зор еді. Бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тарту қажет болды. Әлемде болып жатқан жағдайлар көптеген елде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және табыстау әлі күнге дейін түрлі дау мен пікірталасқа ұласатынын көрсетіп отыр”, – деді мәжіліс төрағасы. 



Мәжіліс төрағасының айтуынша, президенттің елімізге бірреттік жеті жылдық мерзімді енгізуі суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірін аяқтады. 

“Елімізде президент, керісінше, өзінің жеке бастамасы бойынша өкілеттіктердің бір бөлігін қайта бөліп, бір реттік жеті жылдық мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды. Елімізде бұрынғы саяси  құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған принциптері түбегейлі өзгерді. Билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа моделі қалыптасты. Енді президенттің жанында жаңартылған, қажет өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған парламент, үкімет, конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды. Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқандалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналды”, – дейді Ерлан Қошанов. 

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі бас тартатынын айтқан еді. 

Талқылау