"Бір-біріне жұға берді": Арыстық аналар балаларының денесіне жара қаптағанын айтып шағымданды
Арыстағы жойқын жарылыстан кейінгі қорқыныш сейілмей жатып, балаларымыздың денесіне жара шыға бастады деген аналар, бүгін әкімдік маңына жиналды. Алдымен жарылыс, кейін полигондағы жалғасып жатқан оқ - дәріні залалсыздандыру жұмыстары, барлығы қосылып Арыстың ауасын әбден ластап бітті дейді олар.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
«Өмірімде басыма жара шықпаған. Енді жара шықты. Қандай жара екенін дәрігерлер де түсінбейді», - дейді тұрғындардың бірі.
Арыстық аналар балаларының денесінде қаптаған жараларға алаңдайтынын айтады. Дәрігерлердің ем-домынан кейін де толық жазылмай отыр, дейді. Олардың өзінше, балалардың басы, мойны, денесі мен аяғында жара шыққан.
«Арысқа кіргеннен кейін бес балама жара шығып ауырды. Тері аурханасына 5 рет бардық. Бір-біріне жұға берді. Тіпті, бір айлық бөпеме де жұқты», - дейді бес баланың анасыАйнаш Әлиасқарова.
Сондай-ақ, аналар балаларының іші ауыратынын айтып шағымданатынын жеткізді. Тіпті, дәрісіз жазылмайтын жағдайға жетті деген тұрғындар «дәріні бере-бере иммунитетін құртамыз ба» деп алаңдайды.
Ал дәрігерлер динамика қалыпты, өсім жоқ екенін жеткізді.
«Бұл, халықтың тілімен айтқанда, су жара деп аталады. Ата-бабаларымыз оны қауын жара дейтін. Қазіргі уақытта сондай жара шығып жатыр. Қазір басылды», - дейді Арыс қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ғаппар Төлебаев.
Сонымен қатар дәрігерлер іш ауруы бойынша да өсім жоқ екенін айтады. Олар аурухананың толы болуын жеміс-жидекті күз маусымымен байланыстырды. Көбіне жеміс-жидекті жумай жей салатын адамдардың салғырттығынан, дейді.