Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр": Қосшыда оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады

9 сәуірде таңертең Қосшыда оқыс оқиға болды. Балалар мінген шағын автобус қоғамдық көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан бірнеше бала зардап шекті. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Жолда жолаушылар автобусы балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын көлікке соқтығысқан. Жеті жолаушы елордалық ауруханаға жеткізілді.

"Жол-көлік оқиғасы “Iveco” маркалы маршруттық автобус пен “Toyota” маркалы шағын автобустың қатысуымен болды. Қазір жеті кәмелетке толмаған жолаушы Астана қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, жағдайдың мән-жайы анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады", — деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес бала №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Мекеме директорының орынбасары Медет Нұғманов әріптестері мамандардан кеңес алып, рентген, томография, УДЗ сияқты кешенді тексеру жүргізгенін айтты.



Оның айтуынша, төрт балаға қажет көмек көрсетіліп, үйлеріне амбулаторлық бақылауға жіберілді. Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайын дәрігерлер бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында 10 жастағы қыз мектеп автобусының қағып кетуі салдарынан көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Талқылау