"Бір адамға 100 мың теңгеден асады": Қазақстандық компаниялар Жаңа жылдық кештерден бас тартып жатыр

Қазақстандық компаниялар дәстүрлі жаңа жылдық корпоративтерден бас тартып жатыр. Іс-шара ұйымдастырушылары мен ивент-агенттіктердің айтуынша, биыл артық шығынсыз мерекелерге сұраныс артып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеш ұйымдастырушылардың сөзінше, биыл ауқымды кештерге қызығушылық азайған. Дегенмен, жылдың ең үлкен мерекесінен үнемдеуді жөн көрмейтін жұмыс берушілер де бар екен.
Биыл шығынның өсуіне байланысты көптеген компания корпоративтен бас тартқан. Алайда көпшілігі дәстүрлі кештен мүлде бас тартуға дайын емес екен. Тек шығынды қысқартып, қарапайым өткізуге тырысады дейді. Мәселен, стандартты пакетке әдетте ыстық тағамдар мен салаттар, сусындар, жүргізуші мен диджей, фото-видео түсірілім, шоу-бағдарлама кіреді. Баға айырмашылығы өңірге байланысты бөлінеді.
Фото: Видеодан скрин
“Бізде жұмыс күндері бір адамға 23 мың теңге, демалыс күндері 25 мың теңге. Барлығы қымбаттап жатыр: ас үй, өнімдер. Соған байланысты мәзір бағасы да өсіп отыр”, – деді мейрамхана әкімшісі Мадина Әлиахманова.
Ең жоғары баға Алматыда тіркелген. Мейрамханаларда бір адамға 30–50 мың теңге, ал премиум ұсыныстар 100 мың теңгеден асады. Ал Астанада бағалар 20–70 мың теңге аралығында. Көптеген өңірлерде корпоратив құны 20–40 мың теңге шамасында. Ал ең қолжетімді нұсқалар Семей мен Ақтөбеде тіркелген. Мұнда баға бір адамға 10 мың теңгеден басталады.
Экономистер өңірлер арасындағы баға айырмашылығы сұраныс деңгейіне байланысты екенін айтады. Сондай-ақ бұл маусымдық қымбаттау дейді.
“Корпоратив бағасының инфляцияға тікелей қатысы жоқ. Себебі барлығы желтоқсанда өткізгісі келеді. Сол себепті орын, асаба, шеф-аспаздар үшін бәсеке күшейеді”, – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Сонымен қатар, әдетте компаниялар үнемдеу үшін алкогольден бас тартпайды. Жақсы жүргізушіден де ақшаны аямайды екен.
“Клиенттер көбіне орташа мейрамхананы таңдайды. Бірақ мықты жүргізушіні алады. Бағдарламада бишілерден, интерактивтерден бас тартса да жақсы жүргізушіні қалдырады”, – деді шоумен Алмас Қалемов.
Көпшілік үшін корпоратив жай ғана мереке емес, бір жылды қорытындылап, жұмыс орнынан тыс ортада әріптестермен араласу мүмкіндігі. Сарапшылардың болжамынша, келесі жылы корпоратив бағасы кемінде 10% қымбаттайды.
Айта кетейік, бұған дейін BI Group компаниясы корпоративке қатыспағаны үшін қызметкерлерінің жалақысын ұстап қалмақ болғаны туралы жазған едік.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты