Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бипэк авто" компаниясынан тәркіленген Шығыс Қазақстан облысындағы шипажай аукционда сатылды

Электронды сауда алаңының сайтында мемлекеттік мүлікті сату бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы "Рахман кілті" санаториіне аукцион өткізілді. Бұған дейін кешен иесі алаяқтық жасады деп айыпталған "Бипэк авто" автохолдингіне тиесілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: e-auction.gosreestr.kz

Шипажайдың өзі Катонқарағай ауданында, Өскемен қаласынан 450 шақырым жерде, Алтай тауларының орталығында теңіз деңгейінен 1760 метр биікте орналасқан және жалпы ауданы 7091,3 шаршы метрді алып жатыр. Бүкіл кешеннің нарықтық құны – 1,6 миллиард теңге.

1964 жылы ашылған "Рахман кілті" бастапқыда минералды сулармен емдеуге арналған. Кешен аумағында 15 адамға арналған стандартты екі қабатты коттедждер, 1-3 адамға арналған бес бір қабатты "junior люкс" коттедждері, екі медициналық кешен, шатыры бар асхана, кір жуатын бөлме, кофе-бар бар. Бұдан бөлек дүкен, екі террассасы бар мейрамхана, монша, наубайхана, жанармай құю станциясы және екі беседкалы мешіт орналасқан.

Нысан 2021 жылдан бастап қонақтарды қабылдамайтынын ескере кеткен жөн.

Айта кетейік, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылы “Азия Авто – Бипэк Авто” АҚ мемлекет тарапынан біраз жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы хабарлаған еді.

Бұдан кейін АҚ бас акционері және төрағасы А.М.Балушкинге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды.

Анатолий Балушкин “Азия Авто” АҚ және “Бипэк Авто Қазақстан” АҚ бақылаушы акционері болды. Ол шетелде, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2022 жылдың 5 желтоқсанында аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген “Азия Авто – Бипэк Авто” компаниялар тобының менеджерлерінің бірі ұсталғаны хабарланды. 2023 жылдың 9 ақпанында “Азия Авто – Бипэк Авто” компаниясының бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин тергеу әрекеттеріне шақырылды.



Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мемлекетке орман қорының 169,7 гектар жерін қайтарғанын жаздық. Қабылданған шаралар нәтижесінде, сот шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдаланудың 13 шарты бұзылған.

Талқылау