Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Былтыр жүздеген үй суға кеткен": СҚО тұрғындары су тасқынына қарсы салынған бөгетке көңілдері толмай, наразылығын білдірді

Қазақстанның солтүстігіндегі Бескөл ауылының тұрғындары көктемде өзен арнасынан асып, жүздеген үй тағы да су астында қалуы мүмкін деп қорқып отыр. Халық елдімекен айналасынан салынған бөгет тасқынға тосқауыл бола алмайды дейді. Сондықтан биліктен дамбыны бірнеше метрге көтеріп, жан-жағын бетон плиталарымен бекітуді талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ауыл тұрғыны Мария Акимованың үйі елдімекеннің ең шетінде орналасқан. Өткен жылы көктемде осы жерден бөгет жарылып, жүздеген үй суға кеткен екен. Биыл да сол жағдай қайталана ма деп қорқып отыр. 

“Былтыр үйім толығымен суға кетті. Оны қаңтарда ғана жөндеп бітірдік. Енді тағы көктемде суға кетсек үйімізден не қалады?! Жылда осындай жағдай қайталана бере ме?! Су ең бірінші бізге келеді. Табиғи апатқа тосқауыл болады деген бөгеттің түрі мынау”, – деді ауыл тұрғыны. 

Жарты миллиард теңгеге салынған дамбы тұрғындардың көңілінен мүлде шықпаған. Жұмысшылар топырақты үйіп, бекіту жұмыстарын да жүргізбей кетіп қалыпты. 

“Егер судың ағыны былтырғыдай болса, мына бөгет бізді құтқармайды. Дамбалардың бәрі кішкентай. 5 метрге дейін көтерді деп естігенмін. Бірақ олай емес. Оның үстіне бетон да жоқ”, – деді ауыл тұрғыны Қарлығаш Қондыбаева. 



Ал жергілікті билік жұмыстар талапқа сай жүргізілді дейді. Мәлімдеуінше, ұзындығы алты шақырымға жуықтайтын қорғанды техникалық қадағалау мамандары тексеріп, олқылық таппаған. 

“Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ. Себебі бұл дамба келген судан 50-60 см биік. Сондықтан наурыз, сәуір айында дамба судан қорғайды деп сеніммен айта аламын”, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бакеев. 

Шенеунік жұрттың шағымынан кейін нығайту жұмыстары жүргізіледі деп уәде берді. Олар бөгеттің биіктігін тағы бір жарым метрге көтеріп, бетонмен бекітеді. Ол үшін әкімдік бюджеттен тағы үш миллиард теңгеге жуық қаржы сұрап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавл облысында тұрғындар су тасқынына арналған бөгетті үйдің іргесіне тақап салғанына наразылығын білдірген еді. 

Талқылау