Былтыр жол апатынан қанша қазақстандық қаза тапқаны белгілі болды

Қазақстанда 2025 жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылы жол апаттарынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен. Уақытылы әрі білікті медициналық көмектің арқасында өлім-жітім көрсеткіші 9,7%-ға төмендеген.
“Өткен жылы елде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп. Апат салдарынан 2 330 адам қаза тауып, 51 мыңнан астам адам жарақат алған. Жол апаттары мен зардап шеккендер саны артқанына қарамастан, өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. 2024 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,7%-ға азайған”, – делінген хабарламада.
Жедел жәрдем қызметінің дерегінше, жарақаттарға байланысты тіркелген 796 мың шақыртудың ішінде 44 мыңы (5,6%) жол апаттарына қатысты.
Алматыдағы жол апатына жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін – Депутат
“Дәрігерлердің келу уақыты халықаралық стандарттарға сай: қалада орта есеппен 8 минут, ауылдық жерлерде 9 минут. Сонымен қатар “алтын сағат” қағидаты бойынша зардап шеккендер медициналық мекемелерге шамамен 34 минут ішінде жеткізіледі. Бұл өлім-жітімді азайту мен жарақат салдарының ауырлығын төмендетуде маңызды рөл атқарады”, – делінген хабарламада.
Министрлік дерегіне сәйкес, жол апаттарының ең көп бөлігі Алматы қаласында (8954 жағдай) және Алматы облысында (5987 жағдай) тіркелген. Сонымен қатар Жамбыл (3276), Ақтөбе (3053) және Атырау (2785) облыстарында да көрсеткіш жоғары.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан еді. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді