"Білмеймін, кіріспеймін": Министр Сапаров туыстарының мемлекеттен миллиондаған субсидия алуына қатысты сұраққа ашумен жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров брифингте туыстарының мемлекеттік субсидия алуына қатысты сұраққа ашумен жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифинг барысында журналистер Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа оның туыстарының мемлекеттік субсидия алуы туралы сұрақ қойды. Олар 2023 жылы министр "мен қызметте отырған кезде агросалада істейтін туыстарым субсидия алмайды" деп мәлімдегенін еске салды.
Сондай-ақ ашық деректерге сүйеніп, 2019–2020 жылдары министрдің ағасы Алтынбек Сапаров 713 миллион теңге көлемінде бюджет қаражаты есебінен субсидия алғанын айтты. Осыған байланысты соңғы үш жылда министрдің туыстары мемлекеттік қолдау алды ма деген сұрақ қойды.
Айдарбек Сапаров бұл сауалға қысқа әрі қатаң жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты пікірін бұған дейін де бірнеше рет айтқан.
“Енді жеке сұрақтарға жауап бергім келмейді. Себебі оған жауап интернетте, YouTube-те бар. Ол жерге менің қатысым жоқ. Ол жерде құрылтайшы емеспін. Олар өз жұмыстарын өздері істеп жатыр. Ол жерде де халық, үлескерлер бар. Ол жерде барлығы жоғары деңгейде өз жұмысын жалғастырып жатыр. Мен қатыспаймын, білмеймін және кіріскім де келмейді”, – деді министр.
Журналистер министрден бұл сұрақты неге “жеке мәселе” санатына жатқызғанын сұрады. Бұл сұраққа министр:
“Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жауаптарым бар, көре аласыздар. Қазір бұл мәселелерге қызықпаймын және білмеймін”, – деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы министрі бір малға бірнеше рет 808 млн теңгеге субсидия алған шаруа туралы айтып, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланып отырғандарға шүйліккен еді.
"Директордың алдында жауап бересіздер": Қазақстандық мұғалімдер жаңа Конституцияны қолдауға мәжбүрлеп жатқанын айтты