Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биліктің жаңа моделі: Қазақстанда вице-президент пен Құрылтайдың міндеті қандай болмақ

Фото: Трансляциядан скриншот

Қазақстанда вице-президент институтын енгізу ұсынылған еді. Бұл қызметтің өкілеттілігі мен міндеттері қандай болады? Әділет министрі Ерлан Сарсембаев түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі LS порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ерлан Сарсембаевтың айтуынша, президент ең жоғары лауазымды тұлға ретінде мемлекеттің жұмыс істеуі үшін негізгі жауапкершілікті өз мойнына алады.

“Осыған байланысты Конституцияда президенттің Құрылтай келісімімен вице-президентті, премьер-министрді, сондай-ақ бірқатар жоғары мемлекеттік органдардың мүшелерін тағайындауы ұсынылып отыр. Егер Құрылтай бұл тағайындауларға екі рет келісім бермесе, президент оны тарату құқығына ие болады. Бұл норма саяси күштерді келісімге келуге ынталандыруға бағытталған”, –  деді ол.

Министрдің сөзінше, ұсынылып отырған тәсіл президент пен Құрылтай арасындағы өзара тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

"Маңыздысы – ұсынылып отырған тәсіл бойынша мемлекет басшысы тағайындауларды тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырады. Бұл нормалар, сөзсіз, мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады. Өйткені ол жекелеген тұлғаларға емес, жария билік институттарының сапасына тәуелді", – деп қосты ол.

“Вице-президент өзге қосымша лауазым, кәсіпті игере алмайды”

Ерлан Сарсембаевтың айтуынша, вице-президент депутат бола алмайды, басқа ақылы қызмет атқармайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды және саяси партияларға мүше болмайды. Бұл – дербес әрі саяси бейтарап лауазым.

"Биліктің демократиялық сабақтастығын сақтау үшін, егер президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, қызметінен босатылса немесе ол қайтыс болса, Құрылтай жеті күн ішінде президент сайлауын өткізу туралы шешім жариялайды. Сайлау бұл шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде өтеді. Нақты мерзімдердің белгіленуі саяси тұрақтылықты сақтап, процесті созбалауға жол бермейді.", – деп түсіндірді ол.

Осылайша министр президенттік биліктің негізгі легитимділік көзі халықтың ерік-жігері екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау Құрылтай шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өтуі тиіс. Ал президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, елді уақытша вице-президент басқарады.

"Егер вице-президент өзіне өкілеттікті қабылдай алмаса, олар Құрылтай төрағасына өтеді. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда – премьер-министрге беріледі. Президент мандатын қабылдаған тұлға вице-президент, Құрылтай төрағасы немесе премьер-министр мәртебесінен бас тартады. Бұл жағдайда бос қалған лауазымдар Конституцияда көзделген тәртіппен толтырылады", – деп қорытындылады министр.



Сенатор Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа комиссиясының екінші отырысында Құрылтай депутаттарының өкілеттігін тоқтату үшін қандай негіздер болуы мүмкін екенін жариялады.

"Құрылтай депутатының мандатынан айырылу негіздері ретінде мына жағдайлар ұсынылуда: Қазақстаннан тұрақты тұруға кету; соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі; Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу; депутат сайланған партиядан шығу немесе шығарылуы; сондай-ақ депутат сайланған партияның қызметінің тоқтатылуы – бұл конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылады", – деді ол.

Сонымен қатар сенатор депутаттарды ерекше мәртебеден айыру құқығын Орталық сайлау комиссиясында қалдыру ұсынылатынын атап өтті.

"Депутаттарға қатысты жауапкершілік шараларын қолдану, депутаттық этика талаптарын сақтау, мандатынан айыру және депутаттық иммунитет мәселелерін қарау – Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде қалады. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес Құрылтай президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, конституциялық заңдарды қабылдайды", – деп қосты сенатор.

Айта кету керек, аталған нормалардың барлығы қазіргі таңда тек ұсыныс ретінде ғана қарастырылып отыр. Қай нормалар қабылданатыны, қайсысы Конституцияға енгізілмейтіні референдум арқылы шешіледі.

Еске салсақ, Құрылтайда Тоқаев Қариннің лауазымын қысқартып, орнына вице-президент қызметін енгізуді ұсынған еді. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 12:35