"Жүйелі зерттелмеген, популистің әңгімесі": Қаржы мамандары пәтерлерді жалға берудің шектік бағасын қою туралы ұсынысты сынға алды
19 қыркүйекте мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бүгінде елімізде төрт жарым миллион адам үйге мұқтаж екенін, сондықтан Қазақстанда пәтерлерді жалға берудің "шектік" бағасын қоюды және қонақүйдегідей "жұлдыз" санатын беруді ұсынды. Алайда қазақстандық экономистер мұндай мәлімдемеге қарсы шықты. Олардың сөзінше, бұдан кейін ешкім жалға пәтер алмайды және заңды айналып өтетіндердің қарасы көбейеді. Бұл туралы Stan.kz тілшісі қаржы сарапшыларының пікірін біліп көрді.
Фото: pixabay.com
“Бос сөзді доғарыңыз. Ақылыңызды іске қосыңыз”
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев желідегі парақшасында өзінің наразылығын жеткізді. Оның айтуынша, меншік иесі өз мүлкіне қалауынша билік ете алады.
"Республикалық кәсіпкерлер партиясының депутаты Қазақстанда пәтер жалдаудың "шектік" сомасын белгілеуді ұсынды. Оның пайымдауынша, бізде 2 миллион кедей, бақытсыз адам бар. Олардың көбі студенттер болғандықтан, қазіргі бағамен пәтер жалдай алмайды дейді. Әрине, бұл үшін не істеу керек? КСРО-да туған адам не ойлай алады? Әлбетте, нарықты реттеуді қолға алу керек. Себебі үкімет мұның бәріне қайда қарап отыр? Алматыда үш жүз мыңдық пәтер қымбат емес пе? Оны 100 мыңға дейін азайту қажет. Президент жарлығында экономика капитализмге қарай бет алып бара жатқанын мәлімдеді. Ал депатут болса, Конституциямызда жеке меншіктің қорғалатынын, азаматтардың құқығын қорғау туралы айтылғанын мүлде ескермейді. Оған әр меншік иесінің өзі қалауынша билік етуге толық құқығы бар екеніне түкіргені бар", – деді қаржыгер Андрей Чеботарев.
Қазақстанда қазірдің өзінде жастар үшін арнайы жасалған сатып алу құқығымен де, сатып алу құқығынсыз да мемлекеттік тұрғын үйді жалға беру бағдарламалары бар. Оларда жалға беру тарифтері нарықтағыдан айтарлықтай төмен, дейді қаржы сарапшысы. Сондай-ақ Андрей Чеботарев депутат өз пәтерін кедей, бақытсыз студенттерге жалға бере алатынын да қосып өтті.
"Менің ойымша, ол мұндайға жол бермейді. Себебі ол пәтерін нарықтағы бағадан төмен жалға бермейді. Мырзалар, кәсіпкерлер және Республика партиясының басшысы. Бұл сұлу ханымның және оның популистік мәлімдемелеріне назар аударыңыздар. Мұндай ұсыныстар жасау арқылы сіз құзіретіңізді, беделіңізді және құрметіңізді жоғалтасыз. Ойға қонымсыз нәрсені қайдан алдыңыз? Иә, арнамда ұзақ уақыт бойы Мадуросити индексі деп аталатын айдар бар. Мадуро – Венесуэланың президенті. Бұл елді осындай популистер, коммунистер мен социалистер Латын Америкасындағы ең бай елден әлемдегі ең кедей елге айналдырды. Ал мен Қазақстанда мұндай популистердің қайталануын қаламаймын. Сондықтан мұндай ұсыныс айтуды тоқтатыңыз. Бос сөзді доғарыңыз. Ақылыңызды іске қосыңыз. Жоқ, бұл соншалықты қиын емес", – деп шүйлікті Андрей Чеботарев мәжіліс депутатына.
“Билік бағаға араласа алмайды”
Ал тағы бір қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Қазақстанның жалға беру саласы әлі де “жабайы нарық” екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай кезде баға біржақты болмайды.
“Ол "шектік" бағаларды белгілеуді ұсынып отыр. Алайда бұл өте нашар тәжірибе болайын деп тұр. Мұнда әділ бағаны кім анықтайды? Ал жалға берушілер мен жалға алушылар бұған келіседі деп кім айтты? Сайып келгенде, бәрі жалға беруді тоқтатады. Бар болғаны, бұл орта кезең-кезеңімен жабылады. Ал оны заңдастырудың орнына, көбі жай ғана табысын нақты көрсетпей, заңсыз кәсіпкерлікке әкеледі. Сөйтіп қолма-қол ақшамен жалға алуға кіріседі. Тұтастай алғанда, олар реттеу мен бақылауды тоқтатады. Яғни құқықтық нормалар қадағаланбай, адамдардың құқығы, бостандығы бақылаудан шығып кетеді. Осылайша нарық "жабайы базарға" айналады. Себебі пәтерден пәтерге барып, онда кім тұрып жатқанын қадағаламайсыз. Ол қандай да бір жолмен бақыланбайды. Жалға алушы қалағанын жасайды”, – деді Арман Бейсенбаев.
Қаржы сарапшысы мемлекет жалға алушылар мен жалға берушілер арасындағы шектік сомаға араласа алмайтынын айтты.
“Естеріңізде болса, 2022 жылғы мобилизациядан кейін орыстар елімізге ағыла бастағанда, пәтер жалдау құны шарықтап кетті. Сонда не болғаны естеріңізде ме? Пәтер жалдаған адамдарды балаларымен қоса үйден қуып шықты. Осы кезде мемлекет неге араласпады? Біріншіден, иә, бастапқыда бұл нарықты реттеуге тырысу керек болды. Дегенмен билік бағаға араласа алмайды. Баға – жалға алушы мен жалға беруші арасындағы келісімнің мәні. Тек олардың өз еркінде. Ал мұнда мемлекеттің араласып, қандай бағаға жалға беруді және әлдекім қандай бағамен жалға алатынын көрсетудің қажеті жоқ. Бұлай істеуге болмайды”, – деді қаржыгер.
Сонымен қатар Арман Бейсембаев заңды айналып өткісі келетіндер көбейетінін түсіндірді. Ал нарықта ретсіздік көбейсе, мұны қадағалау да қиынға соғады дейді.
“Мұның түбі жемқорлыққа апарады”
Бұдан бөлек ол пәтерлерге қонақүйдегідей "жұлдыз" санатын тағайындаудың соңы жемқорлыққа әкеледі деп отыр.
“Ал пәтерлерге қонақүйдегідей "жұлдыз" санатын кімдер тағайындайды? Қайтадан қомақты қаржыға кеңсе ашамыз ба? Әлде бір пәтерге баға беретін тұтас мемлекеттік компанияны ашамыз ба? Сонда "хрущевка" үйлердегі ескі жиһаздарды бөлек алып, ал элиталық аудандардағы жаңа люкс тұрғын үйге "бес жұлдызды" деп баға қоямыз ба? Ол қалай жұмыс істейді? Мұның түбі қандай да бір жемқорлыққа апаратынын түсіну қажет. Бәрі бұрыннан ойластырылған. Бұдан депутат ханымның хабары жоқ сияқты. Оның бұл мәлімдесін жүйелі зерттелмеген, популистің әңгімесі деп есептеймін. Мысалы, Кrisha.kz және Booking.com сайттарында бәрі айдан анық жазылған, баспаналарға және пәтерлерге санат та берілген. Сайтқа кіріп баға бере аласыз, ұнамаса шағым да жасай аласыз. Онда сатып алушы мен сатушы бірін-бірі тауып, бағасын келісіп алады”, – деп нақтылады қаржы сарапшысы.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Нұргүл Тау өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа тұрғын үй мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, елімізде төрт жарым миллион адам үйге мұқтаж.
“Ал пәтерді жалдау бағасы күннен күнге шарықтап жатыр. Осылайша, пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын”, – деді депутат.