Биыл Қазақстанда 70 мыңнан астам отбасыға жеңілдетілген ипотека берілмек

Биыл Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына жеңілдетілген ипотека беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс саласын қолдау шаралары туралы айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылы “Бәйтерек” холдингі өзінің еншілес ұйымдары “Қазақстан тұрғын үй компаниясы” және Отбасы банкпен бірге тұрғын үй құрылысына 2,35 триллион теңге қаржы бөлген. Ал 2026 жылы холдинг тұрғын үй құрылысына 2,41 триллион теңге бағыттауды жоспарлап отыр екен.
Қазақстанда "Наурыз" ипотекасы басталады: Қарыз лимиті 36 миллион теңгеге дейін
Ипотеканы зейнетақы жинағымен төлеу: "Отбасы Банк" өтініш қабылдауды қайта бастады
Құрылыс салушылар мен әкімдіктерді тұрғын үй құрылысы бойынша қолдауға және жеңілдетілген бағдарламаларды қаржыландыруға маманданған “Қазақстан тұрғын үй компаниясы” 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлмек. Нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 33,3 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында 2025 жылы Отбасы банк халыққа 77 мың несие берді. Олардың жалпы сомасы 1 триллион 645 миллиард теңге болды.
Ал 2026 жылы Отбасы банк барлық бағдарлама бойынша 1 триллион 630 миллиард теңгеге ипотекалық несие беруді жоспарлап отыр. Бұл арқылы тұрғын үйге мұқтаж 70 мыңнан астам отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотека мен несиеге қатысты жаңа ережелер енгізілетіні туралы жазған едік.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік