Биыл еліміздің әйел боксшылары үшін табысты жыл болды: Ал ерлер құрамасының жағдайы қандай?

2025 жылы қазақстандық боксшылар халықаралық аренада тұрақты түрде өнер көрсетіп, бірқатар беделді жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе биыл әйелдер боксы үшін айрықша табысты болды деуге толық негіз бар. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Осылайша ол Қазақстан тарихында әлем біріншілігінің алтын медалін үш рет иеленген алғашқы боксшы болды. Айта кетері, мұндай жетістік әзірге ерлер боксында да тіркелмеген.
Аталған додада Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Алуа бұл жеңісінің арқасында әлем чемпионатындағы жүлделердің толық жиынтығын (алтын, күміс, қола) еншіледі. Ал Аида Әбікеева Қарағандыдан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.
60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Виктория Графеева күміс жүлдеге ие болса, Наталья Богданова қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар World Boxing ұйымы өткізген әлем чемпионатында да қазақстандық қыздар сәтті өнер көрсетті. Англияда өткен жарыста Назым Қызайбай күміс жүлдемен шектелді. Ал Аида Әбікеева мен Алуа Балқыбекова екі дүркін әлем чемпионы атанды. Наталья Богданова алғаш рет әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алса, Виктория Графеева қола жүлде иеленді. Бұл нәтижелер Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте көш бастауына айтарлықтай үлес қосты.
Енді жыл бойындағы негізгі нәтижелерге тоқталайық.
Қаңтар – Болгария, "Странджа кубогы"
Қазақстан құрамасы 18 медаль жеңіп алды, оның бесеуі алтын. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын.
Наурыз – Сербия, әйелдер арасындағы әлем чемпионаты (IBA)
Қазақстандық боксшылар 6 жүлде иеленді, соның үшеуі алтын. Командалық есепте екінші орын.
Сәуір – Иордания, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты (World Boxing)
15 және 17 жасқа дейінгі спортшылар 44 медаль (16 алтын) жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шықты.
Мамыр – Шри-Ланка, жастар арасындағы Азия чемпионаты (IBA)
19–22 жас аралығындағы боксшылар 42 алтын медаль жеңіп алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Маусым – Таиланд, жастар арасындағы Азия чемпионаты (World Boxing)
Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 5 алтын медаль алып, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.
Қыркүйек – Англия, ересектер арасындағы әлем чемпионаты (World Boxing)
Ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижелері бірге есептеліп, Қазақстан 10 медаль (7 алтын) иеленді. Жалпы есепте бірінші орын.
Қараша – Үндістан, әлем кубогының қорытынды кезеңі (World Boxing)
Ұлттық құрама 22 медаль жеңіп алды, оның 11-і алтын. Командалық есепте екінші орын.
Қараша – Бахрейн, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары
Қазақстандық спортшылар 10 медаль (5 алтын) иеленіп, командалық есепте бірінші орынға шықты.
Желтоқсан – БАӘ, ерлер арасындағы әлем чемпионаты (IBA)
Қазақстан боксшылары 6 жүлде (3 алтын) жеңіп алып, жалпы есепте екінші орыннан көрінді.
Қорытындылай келе, бокс – Қазақстандағы ең табысты спорт түрлерінің бірі. Ел қоржынына ең көп халықаралық жүлде дәл осы спорттан түсіп келеді.
Дегенмен соңғы сегіз жылда, яғни 2016 жылы Данияр Елеуісінов Олимпиада чемпионы атанғаннан бері, ел қоржынына Олимпиаданың алтын медалі түскен жоқ. Бұл олқылықтың орнын 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында толтырады деген зор үміт бар.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады

