Ауыл шаруашылығы министрлігі екі облысты шегіртке басқанын жоққа шығарды
Фото: Видеодан скрин
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қызылорда және Түркістан облыстарында шегіртке басып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткелердің жаппай таралуы туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
"Интернет кеңістігінде және бұқаралық ақпарат құралдарында шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар мен бейнематериалдар тарап жатыр. Мұндай ақпараттар шынайы жағдайға және зиянкестердің даму сатысына сәйкес келмейді", – делінген хабарламада.
Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сондай-ақ тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға дейін жетуі мүмкін.
"Қазір 14 облыста 596,3 мың гектар алқап өңделді", – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, жұмыс жоспарға сәйкес, штаттық режимде жүргізіліп жатыр.
“Оларды Ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, өңірлерде құрылған жедел штабтар бақылауда ұстап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ахуалды жеке бақылауына алған. Күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылып, зерттеу жұмыстарына 4 625 маман тартылған. Қажет техника мен препараттар жеткілікті”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде Қызылорда облысы аумағын шегіртке басып жатқанын көрсететін видео тараған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жайтқа байланысты түсініктеме берген.

"12 жыл күттік": Қазақстандық әйел мемлекеттен тегін 10 соттық жерді қалай алғанын айтып берді
