Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл басынан бері 12,3 мың этникалық қазақ елге оралды: Қандастар көптеп келетін топ-5 мемлекет

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 12 мың 325 этникалық қазақ елге оралып, қандас мәртебесін алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 140,7 мың этникалық қазақ оралды. 2024 жылдың қаңтар айынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,6%-ы Қытайдан, 39,2%-ы Өзбекстаннан, 5,5%-ы Түрікменстаннан, 5,4%-ы Моңғолиядан, 3,1%-ы Ресейден және 1,2%-ы басқа елдерден.

2024 жыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,4% және зейнеткерлер 9,4% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде жоғары білімі барлар 17,8%, орта кәсіби білімділер 24,2 пайыз және жалпы орта білімділер 54,1%, ал білімі жоқтар саны 3,6 пайыз. 



Қоныс аударған этникалық қазақтар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстанды. Осылайша еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Ол аймақтар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамға тең. 2024 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 127 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Оларға бір мезгілге отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде ақша беріледі. Ал тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жылда 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) қаржы ұсынылады.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 миллион теңгеге дейін мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Айта кетейік, өткен жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Қазір этникалық қазақтардан жаңа форматта 17 мың 158 өтініш қабылданды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға оралған азаматтардың қан құрамында "қазақ геномы" бар-жоғы тексерілуі мүмкін екені айтылған еді. 

Талқылау