BI Group компаниясы корпоративке қатыспағаны үшін қызметкерлерінің жалақысын ұстап қалмақ болған
Фото: BI Group
Қазақстандық әйел BI group компаниясы бейресми ұжымдық шараға қатыспағандардың жалақысынан ақша ұстап қалатынына шағымданды. Сөзінше, компанияның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға келмегендерге 256 мың теңге айыппұл салынады деген. Ол мұндай талап әділетсіз деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісінде күйеуі BI group компаниясында жұмыс істейтін әйел шағымын білдірді.
"Құрметті BI group басшылығы, корпоративтік кешіңізге қатыспаған қызметкерлердің жалақысын неге ұстайсыз? 21 маусымда Бурабайда 30 жылдық мерейтойға орай ауқымды іс-шараны жоспарлап отырсыз. Енді шараның толық құнын қызметкерден ұстап қалғыңыз келеді", – деп жазды gggg19767 атты қолданушы.
Әйелдің айтуынша, қызметкерлер алатын жалақы онсыз да аз.
“Ең алдымен, кім қатысады не қатыспайтынын анықтап алу үшін сауалнама жасауларыңыз керек еді. Соңына келгенде талап қойып, айыппұлмен қорқытудың орнына сол дұрыс. Біздің өз жоспарларымыз болуы мүмкін ғой", – деді ол.
Сондай-ақ компания жұмысшыларын сенбілікке шығарып, тазалық жұмысын жасататынын атап өтті.
"Неге қызметкерлеріңіз жайлы мектеп салып жатқанда, қоқысты тазалауы керек? Бұл үшін арнайы адамдар бар. Сонда компания клининг шақырта алмай ма? Жұмысшыларды тазалық жұмысын атқаруға мәжбүрлейді, оларды түнгі 1-2-ге дейін қалдырады. Бастық пен әкім келеді деп жинатып қояды. Еңбек шартында ондай талап бары екіталай", – деді пост авторы.
Астанада Bi Group басшысына тиесілі балабақшада тәрбиешісі балаларға күш көрсеткен (видео)
Бұл жазбаның астына BI group қызметкерлері жазып, іс-шараға қатысу міндетті емес екенін және шараға қатысқысы келетін-келмейтіні туралы сауалнама жүргізілгенін айтты.
“Қызметкерлерді тазалық жұмысын атқаруға ешкім мәжбүрлемейді. Клининг әрдайым шақырылады. Бірақ компанияда "жан ашу" деген ұғым бар, бұл кезде қызметкерлер "көмектеседі", осылайша бірігіп, ұжымдық рухты дамытады”, – деп жазды компания қызметкерлерінің бірі.
"Екі ай бұрын әр қызметкер шақырту алып, қатысып-қатыспайтынын хабарлады. Баратынын растағаннан кейін ғана олар тізімге қосылып, көлік, жатын орын және құрал-жабдықтар брондалды", – деді BI Group баспасөз қызметі.
Компания жақындаған кезде барудан бас тартқан жағдайда келтірілген шығынды өтеу керек екен. Ал дер кезінде бас тартқандардың жалақысынан ақша ұсталмапты.
Алайда дәл посттағы жағдайда ер адам расымен өзінің растауынсыз тізімге қосылып кетіпті.
"Шешім қаралып, қызметкердің жалақысы ұсталмайтын болды. Басшымен түсіндірме әңгіме жүргізілді", – деп толықтырды компания.

"Нағыз чемпион бұлай өмір сүрмеуі керек": Күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз болып, бір бөлмелі пәтерде тұратын әйел көптің көңілін босатты
