Қазақстандағы терминал иелері букмекерлік төлем жасауға тыйым салынған соң табысынан айырылды

Жақында Қазақстанда Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) енгізілді. Бұл – букмекерлік кеңселер мен клиенттер арасындағы транзакцияны жазып алатын платформа. Осы өзгеріс себебінен букмекерлік компанияларға төлем терминалдары мен жүйелері арқылы төлеу тоқтатылған. Салдарынан елдегі төлем қабылдау саласының 500-ден астам кәсіпкері шығынға батып отыр. Кәсіпкерлердің сөзінше, мемлекет осы платформаны енгізген кезде түсіндіру жүргізбестен терминалдардың жұмысын тоқтатып тастады. Stan.kz ақпарат агенттігі кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдап қайтты.
"Букмекерге терминал арқылы ақша сала алмау – біз үшін үлкен соққы"
БЕЖ енгізілгенге дейін терминал бизнесі көбіне букмекерлік компаниялар үшін төлем қабылдау арқылы пайда тапқан. Ал енді енгізілген Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) арқылы Қазақстан онлайн режимде барлық операцияның заңдылығын бақылап, ақшаны жылыстатуға жол бермеу үшін онлайн бақылау құралдарын енгізіп отыр. Шенеуніктердің сол кездегі түсіндіруінше, Италия, Испания, Франция, Германия, АҚШ-тың кейбір штаттарында бұл сала осындай жүйе енгізу арқылы қадағаланады.
4 наурызда букмекерлік компанияларға жерүсті арналар арқылы, оның ішінде төлем терминалдары мен жүйелері (Qiwi, Касса24 және басқалары) арқылы төлеу іс жүзінде тоқтатылған. Сегмент жұмыс істемей тұр, қашан қалпына келтіруге болатыны белгісіз. Тіпті осы саладағы бизнес иелеріне ешқандай ресми түсіндірме жасалмаған. Бүгінде кәсіпкерлер өтпелі кезең болатынын ескертіп, қандай да бір шара қолдануға мүмкіндік бермеді деп шағымданып отыр.
"Біздің компания төлем терминалдары нарығында 17 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ірі қалаларда, шалғай аудандарда, облыс, аудан орталықтарында кең ауқымды төлем терминалдары желіміз бар. Қазір бізде 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. 4 наурызда БЕЖ енгізілуіне байланысты бізге банк букмекерлік кеңселердің пайдасына төлем жүргізуге тыйым салды. Бұған дейін букмекерлік төлемдер төлем терминалдары арқылы жүргізілетін, ал оларды қабылдауға тыйым салу бизнеске ауыр соққы болды. Терминал бизнесі – төлем қабылдайтын агенттік арна, өте шығынды бизнес. Негізгі шығынымыз – терминалды жалға алу, коммуналдық қызмет, қолма-қол ақшамен жұмыс, инкассация, салықтар және осы процеспен тікелей байланысты басқа да шығындар", – дейді CashInvest компаниясының басшысы Сухраб Оспанов.
Кәсіпкер осы бір ай бойы өздерінің сұрақтарына ешкімнен жауап ала алмағанын айтып, наразылығын білдірді. Сарапшылардың айтуынша, БЕЖ енгізілгенге дейін, терминал бизнесі көбіне букмекерлік компаниялар үшін төлем қабылдау арқылы пайда тапқан. Осы сегменттің күрт тоқтауы табысты едәуір төмендетіп, негізгі шығынды жабуға мүмкіндік бермей отыр.
"Бір ай бойы сұрақтарымызға нақты жауап ала алмадық. Букмекерлік кеңселердің төлем ұйымдарымен интеграциясы қай кезеңде, олар қашан қосылады, қандай шарттармен, қандай тарифтермен жұмыс істейді және жалпы бұл қалай жүзеге асады – осының бәрі түсініксіз болып қалды. Біз де, көп кәсіпкер де бизнесті жабу алдында тұрмыз. Себебі бізде дүкендерге, сауда орталықтарына төленетін жалдау ақысы сияқты міндеттемелер бар. Маржа төмендеп жатқандықтан, біз ұзақ уақыт бойы осындай жағдайда жұмыс істей алмаймыз. Ал кейбірі терминалдар санын және қызметкерлерді қысқарту арқылы бизнесін азайтпақ. Бұл, әрине, жұмыссыздықтың өсуіне әкеледі", – дейді ол.
Кәсіпкерлердің бағалауынша, бұл салада 2000-нан 5000-ға дейін адам жұмыс істейді және осы азаматтардың бәрі жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал ел бойынша шамамен 25 000 терминал бар.
"Терминалдардың үштен бірі минусқа кетті, қызметкерлерді ақысыз демалысқа жібердік"
Дегенмен өзгерістің салдарын осы саладағылар ғана емес, сауда нүктелерінің иелері де сезініп отыр. Дүкен иелері терминалдарды орнатқаны үшін түсетін – бір орынға орта есеппен айына 10 000-15 000 мың теңге тұрақты табыстан айырылды. Шағын бизнес үшін бұл – қосымша табыс емес, коммуналдық қызметтерді төлеуге, жалақы беруге және нүктелердің жұмысын қолдауға жұмсалатын қаражат.
"Қазір біздің компанияның 6000 терминалының 2000-ы минусқа кетіп отыр. Жағдай дәл осылай жалғаса берсе, біз осы 2000 терминалдың жұмысын тоқтатуға мәжбүрміз. Бұл дегеніміз қаншама адам жұмыстан қысқартылады деген сөз. Себебі әр 50 терминалға 2 адамнан қызмет етеді. Ал 2000 терминалға шамамен 80 адам жауапты. Сонда осынша адамды жұмыстан шығаруға мәжбүрмін. Бұл дәл қазіргі жағдайға қарай есептеп отырғанымыз. Егер жағдайымыз бұдан да қиындай берсе, онда сандар бұдан да көп болады", – деп түсіндірді кәсіпкер Cухраб.
Сарапшылардың мәліметінше, негізінен осы төлем терминалдарын пайдаланушылардың 70%-ы ауылдарда, шағын қалаларда тұрады. Сонымен қатар терминалды бизнес өкілдері де өздерінің заңды шоттарын толықтыру үшін пайдаланады.
"Қолма-қол ақша әрдайым болады. Ал қазір шағын және орта бизнес туралы айтсақ, біздің бағалауымыз бойынша, төлем желісі күн сайын шағын және орта бизнеске жалдау төлемі ретінде 6 миллиард теңге төлейді. Бұл, мысалы, Алматыдан 900 шақырым, басқа қалалардан 500 шақырым қашықтықтағы бір шағын дүкен болуы мүмкін. Сол жерлерде олар халыққа қызмет көрсететін негізгі құрал болып отыр, себебі мұндай ауылдарда Каспи, Халық банк сияқты банктер де жоқ. Ал төлем терминалдары барлық ауыл мен округтерде бар. Сондықтан біз ауылдарды урбанистикамен, қаламен байланыстырып отырмыз", – дейді Cash Master бас директоры Бейбіт Асанбаев.
"Шалғай аудандарда терминал қолдану – халықтың қаржылай сауатының жалғыз көрінісі"
Оның сөзінше, кейбір шағын қалалардағы терминал жүйелері қызметтерін тоқтатып тастады, жұмысшыларды таратты.
"Мысалы, кейбірінің 5 немесе 10 терминалы бар. Олардың кейбірі терминалдарын амалсыз өшірді. Кейбірі сатқысы келеді. Мысалы, кезінде бір терминалды 500 000 теңгеге сатып алып, кәсіп жасаса, қазір олар бір терминалының өзін 50 000 теңгеге беруге дайын. Кейбір бизнес иелері 50 миллион теңге инвестиция салып, қазір соның 5 миллионын да қайтара алмай отыр. Кәсіпке көмектесудің орнына келіп тұрған оттегісінен айырып тастады. Бұл жағдайдан банк те, букмекерлік кеңселер де жапа шекпейді. Екі ортада қиын жағдайда қалып отырған терминалға қатысты кәсіп иелері. Бүгінде 500-ге жуық адам жұмыстан қағылып отыр. Дәл осылай жалғаса берсе, сәуірдің соңында тағы 300 адам жұмысынан айырылады. Әрі қарай 5 мың, 10 мың адам азайып, индустрия жоғалып кеткелі тұр. Қазір біздің сұрап отырғанымыз – Бірыңғай төлем жүйесіне терминалдарды тезірек қоссын, сонда саланы құтқарып қалар еді", – деп жанайқайын жеткізді Бейбіт Асанбаев.
Сарапшылардың сөзінше, өндірістік сектор да айтарлықтай қысымға ұшыраған. Төлем терминалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорындар тапсырыстар толық тоқтады дейді.
"Біз терминалдар өндірісін толық тоқтаттық, ал негізі айына 300 құрылғы шығаруға мүмкіндігіміз жеткілікті еді. Жарты жыл бұрын алдын ала сатып алынған материалдар мен құрамдас бөлшектер сұраныссыз қалды, ал қызметкерлердің бір бөлігі жалақысыз демалысқа жіберілді. Біз өндірістен бөлек, терминалдарды жөндеу және қалпына келтірумен де айналысамыз. Бірақ тапсырыс болмаған соң әрі мерзімдер белгісіз болғандықтан нарық іс жүзінде тоқтап тұр", – дейді Metal men компаниясының коммерциялық директоры Дмитрий Трубин.
Осы орайда сала өкілдері мына шараларды ұсынды:
- төлем жүйелері мен терминалдарды БЕЖ-ға қосуды жеделдету;
- енгізу процестерін ашық ету;
- жүйенің қазіргі мәртебесі мен іске қосылу мерзімдерін ресми түрде түсіндіру;
- өтпелі кезеңде кәсіпке жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретін уақытша шешімдер қарастыру.
Олар шағын және орта бизнес ел экономикасының тұрақты негізі болып қалуы тиіс екенін айтты.
"Бұл – біздің саланың ғана проблемасы емес, Қазақстандағы шағын және орта кәсіптің тұрақтылығы туралы проблема. Бұл кәсіпкерлер – елде мемлекеттің көмегінсіз, субсидия алмай, нөлден бастап өзінің кәсібін құрған шағын және орта бизнес өкілдері. Бірі терминал шығарады, кейбірі оны сатып алып сенсорлы экран және тағы басқа құралдарын орнатады, төлем нарығына дайын құралды сатады. Арасында тиын және купюра қабылдайтын құрылғыны жөндейтіндер бар. Бірі қандай да бір қызмет түрлерін ұсынады, ал енді бір кәсіпкер терминалдарды бүкіл Қазақстанға жеткізеді. Өйткені шалғай аудандарда терминал қолдану – халықтың қаржылай сауатының жалғыз көрінісі. Осылайша халық төлем жасайды, мегаполисте оқитын студент баласына ақша жібереді", – дейді Бейбіт Асанбаев.
Кәсіпкерлер бүгінде ашық диалогқа дайын екенін жеткізді. Сөздерінше, бұл мәселені Qiwi, Касса24 және тағы басқа жүйелермен ашық талқылай алмаған. Себебі жағдай оларға да түсініксіз.