Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейіт басына барып, ақша өртейміз": Қытай мен корей ұлтының өкілдері дәстүрлі жаңа жыл мерекесін Қазақстанда қалай атап өтеді

Қытай мен Корея елінің Жаңа жылы екі мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Мейрам биыл 21 қаңтар мен 20 ақпан аралығында болады. Мереке әр жыл сайын әртүрлі күнге түседі. Осы орайда Stan.kz тілшісі Қазақстандағы қытай және корей ұлтының өкілдерінен Жаңа жылды қалай атап өтетінін сұрап білді. 

Фото: Джаң Жингаңның жеке дерекқорынан алынды

Қытай Жаңа жылы (немесе Көктем мерекесі) – Қытайдағы ең маңызды және үлкен дәстүрлі мерекелердің бірі. Бұл мейрам күнтізбелік қытай айының бірінші күні басталады және 15 күнге дейін созылады. Әр жылы мерекенің нақты күні Григориан күнтізбесі бойынша өзгеріп отырады, бірақ әдетте қаңтардың соңына немесе ақпанның басына сәйкес келеді.

Қазақстанда тұратын Қытай азаматы Джаң Жингаң аспан асты елі Жаңа жыл мерекесін қалай тойлайтынын айтып берді.

Ата-бабамызға тәу етіп, бейіт басына барып, жалған ақша өртейміз

Сөзінше, Қазақстанда Жаңа жыл Қытайдағыдай атап өтілмейді. Тек кей тұстары ғана қазақтарға ұқсас дейді.

"Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйді тазалап, керегеге босағалық жапсырамыз. Оған иероглифтермен түрлі сөздер, жақсы тілектер жазып қоямыз. Сосын "бақыт" деген сөзді теріс аударып жапсырамыз. Бұл Қытайдың "фу дао" деген сөзінен шыққан, "бақыт келді" мағынасын білдіреді. Кейін туыс-туғандарымызды шақырып, терезеге сурет салып, өзіміздің ұлттық оймаларды ілеміз”, – дейді Джаң Жингаң.

Сондай-ақ ол Жаңа жыл мерекесінде ата-бабасының бейітіне барып, тәу ететінін айтты. 

“Ата-бабамызға тәу етіп, бейіт басына барып, қызыл қағаз жапсырып, жалған ақша өртейміз. Тағы бір ерекшелік, тұшпара мен ұлттық тағам танъюань (күріштен жасалған тағам) пісіріп жейміз. Содан соң балық дайындаймыз. Неліктен балық маңызды? Себебі бізде балық "жылдан жылға жете берейік" деген мағынаға саяды. Бізде балық "үй" деген сөзге ұқсас", – дейді Джаң Жингаң. 

Фото: Джаң Жингаңның жеке дерекқорынан алынды

Джаң Жингаңның сөзінше, Жаңа жылдың Қытайлардың да қазақтардың мерекесіне ұқсас тұстары бар.

"Мәселен, қазақтарда наурыз айында болатын "Көрісу" күнінде жаңа жасымен құттықтайды. Сол секілді бізде де Жаңа жылдың келуі жаңа жастың қосылуын білдіреді. Бұған қоса бізде қағаздан “арыстан” жасап, оны көп адам көтеріп алып, көшелерде "Арыстан биін" билейді. Сосын отшашу атады. Себебі отшашу Жаңа жыл келгенде жын-жыбырды қорқытады деп сенеміз", – дейді ол.

Сонымен қатар ол Жаңа жыл мерекесінде барлық отбасы мүшесі міндетті түрде жиналуға тиіс екенін айтты.  

"Жаңа жылда туыстар бір-біріне қызыл қағазға орап ақша береді. Көбіне үлкендер балаларға, жастарға "жаңа жасың құтты болсын" деп тарту етеді. Әлемнің қай бұрышында жүрсең де, тура мереке кезінде отбасыңмен түгел бас қосу міндетті. Сондай-ақ бізде мереке қарсаңында үй жинаудың өзі ерекшелік ретінде қалыптасып кеткен", – дейді ол. 

Фото: Джаң Жингаңның жеке дерекқорынан алынды

Джаң Жингаңның сөзінше, Қытай Жаңа жылы Қазақстанда басқаша тойланады. 

"Қазақстанда отшашу ата алмаймыз. Оны ататындар өте аз. Мереке кезінде бәріміз мейрамханада немесе өз үйімізде бас қосып, тұшпара түйіп жейміз. Бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. 2 апта демаламыз", – дейді ол. 

Қазақстандық наурыз көже сияқты кәрістер де дәстүрлі тағамын дайындайды

Ал корей ұлтының өкілі О Саң Хоның айтуынша, Кореяда жаңа жыл мейрамы қаңтардың соңы мен ақпан айының аяғында тойланады. 

Фото: О Саң Хоның жеке дерекқорынан алынды

"Негізі Кореяда 1 қаңтардағы Жаңа жыл маңызды саналмайды. Өйткені бізде мереке күн күнтізбесі емес, ай күнтізбесі бойынша бірінші күні тойланады. Сондықтан 1 қаңтарда әр адам отбасымен немесе достарымен күннің шығуын тамашалау үшін жағажайға барады. Жалпы Кореяда жаңа жыл мейрамы қаңтардың соңы мен ақпан айының аяғы арасында болады. Корейлердің бұл ұлттық мейрамы “Сольнал” деп аталады. Қазақстандағы кәрістер де осы мерекеде жиналып, фестиваль өткізеді. Әр жыл сайын Алматыдағы Абай-Розыбакиев қиылысында орналасқан стадионда іс-шара болады. Бұл шарада біз дәстүрлі корей ойындары мен мерекелік тағам “Ттокгук” жасап жейміз", – дейді  О Саң Хо. 

Фото: О Саң Хоның жеке дерекқорынан алынды

Сондай-ақ ол Кореяда Жаңа жыл кезінде қандай әдет-ғұрып жасалатынын айтты. 

"Басқа елдер сияқты Кореяда да Сольнал мерекесінде (Жаңа жылы) халық бір-біріне денсаулық пен бақыт тілейді. Сосын "Ттокгук" деп аталатын ақ күріштен жасалған тағам дайындайды. Ол ұзақ және салауатты өмір сүру тілегін білдіреді. Сонымен қатар tteokguk сорпасын сиыр етінен немесе анчоуспен жасауға болады. Ал "Гарэтток" үстіне жұмыртқа, сиыр еті, саңырауқұлақ, жасыл пияз қосылады. Негізі бұл "Ттокгук" Алматыдағы көптеген корей мейрамханаларында сатылады. Сонымен қатар Жаңа жыл кезінде балалар үлкендерге бас иеді. Ал үлкендер оларға ақша беріп, жақсы сөздер айтады. Бұл әдет-ғұрып "Сэбэ" деп аталады", – деді ол. 

Фото: О Саң Хоның жеке дерекқорынан алынды

О Саң Хоның сөзінше, Қазақстан мен Кореядағы Жаңа жыл мерекесінің уақыты сәл басқаша.

"Жалпы алғанда, Қазақстан мен Кореядағы Жаңа жыл мерекесінің уақыты сәл басқаша. Бізде 3-4 күн ғана демалыс болады. Сондай-ақ қазақстандық наурыз көже сияқты кәрістер де дәстүрлі тағамдар жеп, отбасымен бас қосып, бір-біріне бақыт тілейді", – дейді О Саң Хо.

Қытай Жаңа жылының мағынасы және тарихы

Бұл мерекенің тойлануына көптеген ғасырлар бұрын дәл Жаңа жыл күні император Шуньның Қытай тағына отыруы себеп болған. Осы сәттен бастап Жаңа жылды тойлау дәстүрі басталды.

Мерекенің басқа атауы бар ма?

Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл қаңтар немесе ақпан айында тойланады. Десе де, қытайлықтар бұл күнді "көктем мерекесі" (қытай тілінде Чуньцзе) деп атайды. Қытайлар дәл осы күні табиғат қайта жанданып, ұзақ қыстан кейін оянады деп есептейді.

Аңыз бойынша

Қытай аңыздарының біріне сүйенсек, ертеде Жаңа жыл қарсаңында аспан асты еліндегі ауылдардың бірінде Нянь (жыл) деген қорқынышты құбыжық пайда болады. Ол ауылдағы малды ұрлап, адамдарға шабуыл жасайды. Жергілікті тұрғындар құбыжықтан қорқып, одан жасырынуға тырысады. Бір күні ауылға саяхатшы келіп, құбыжықтың бетін қайтару әдісін көрсетеді. Адамдарға шабуыл жасауға келген Нянь бір үйде ілініп тұрған қызыл қағаз бен отта жанып жатқан бамбуктың сықырлаған дыбысын естиді. Әбден қорыққан Нянь ауылдан қашып, қайтып оралмапты. Қызыл түсті жапсырмалар ілініп, отшашу ату Қытай Жаңа жылының басты белгісіне айналу себебі осы болса керек. 

Қытайлық Жаңа жылмен байланысты белгілер:

  • Жаңа жылдық мереке кезінде шаш жууға немесе үйді жинауға болмайды. Ол сәттілікті "қуып" жіберумен бірдей;
  • Жаңа жылдың алғашқы күндерінде ақша сұрауға немесе несие алуға болмайды. Бұл қаржылай қиындықтарға тап болуды білдіреді;
  • Ботқа жей алмайсыз. Себебі кедейшілікке ұшырау қаупі бар;
  • Баланың жылауы – сәтсіздіктің белгісі. Сондықтан мереке кезінде олар балаларды мүмкіндігінше тыныштандыруға және жұбатуға тырысады;
  • Қайшыны және басқа өткір заттарды қолдануға тыйым салынады.

Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл тек Қытайда ғана емес, Индонезия, Таиланд, Малайзия, Бруней, Сингапур, Филиппин мен Маврикийде тойланады.

Талқылау