Бетперде таққан жігіт 30 отбасыға бір миллион долларға үй сыйлады

Рамазан айында бетперде таққан жігіт 30 отбасыға жалпы құны шамамен бір миллион доллар болатын су жаңа пәтерлер сыйлады. Осылайша қазақстандықтарға тосынсый жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қиын жағдайға қалған отбасылар су жаңа, қонысқа дайын пәтерлердің кілтін алды. Олардың қатарында көпбалалы ата-аналар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ асыраушысын жоғалтқан отбасылар бар.
Салтанатты рәсім шағын ортада өтті. Бетперде киген жігіт те шарада бой көрсетті. Сыйға берілген жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен бір миллион доллар деп бағаланып отыр.
Баспаналы болған отбасылар үшін бұл пәтер тек тұрмыстық жағдайды жақсарту емес, сондай-ақ тұрақтылық сезімін беріп, болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі. Кейбір отбасылар ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап тұрған немесе туыстарымен бір шаңырақты бөліскен.
“Бұл бастама Рамазан айына орай ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – тек тұрғын үй мәселесін шешу ғана емес, сонымен қатар адамдарға қамқорлық, үміт пен қауіпсіздік сезімін сыйлау”, – деді қор өкілдері.
Үйлі болған жандар бетпердегі жігіттің маңдайынан сүйіп, ризашылығын білдірді. Кеудесін толқыныс кернеген олар көз жасына ерік берді.
Қазақстандық әуежайларға жаппай айыппұл салынды: Бұған не себеп