Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бетперде киген адамдар ұсынды": Атырау тұрғыны балық сатып алғаны үшін жеті жылға сотталды

Фото: Жасанды интеллект

Атырау тұрғыны бекіре балығын сатып алғаны үшін жеті жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 9 қыркүйекгінде Атырау тұрғыны өз жылқыларын іздеу үшін Исатай ауданына барған. Ер адамның сөзінше, Зинеден ауылы маңындағы теңізге баратын жол бойында бір қайық пен бірнеше бетперде киген ер адамдарды көрген. Солардың бірі оған бекіре балығын сатып алуды ұсынған.

500 келі балықтың бағасы шамамен бір миллион теңге болған, бірақ соңында екі жақ 960 мың теңгеге келіскен. Нәтижесінде ер адам жүзге жуық балық сатып алған. Ер адам балықтарды көлігінің жүксалғышына салып, Атырауға қарай жолға шыққан.

Қалаға оралған соң, ол көлігін Балауса шағын ауданындағы туысының үйіндегі гаражға кіргізіп қойған. Қалай болғаны белгісіз дәл сол күні сол жерге полиция қызметкерлері тінту жүргізу үшін келген.

Жүргізілген сараптама бұл балықтардың заңмен аулауға тыйым салынған сирек түрлер екенін анықтады. Мемлекетке келтірілген шығын 296 миллион теңгеден астам деп бағаланды. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сондай-ақ ер адам мемлекетке 296 миллион теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, ер адам балықтарды сатып алған бетперде киген жігіттердің кім екені осы қылмыстық іс аясында анықталмаған. Ер адамның қалай соншалықты тез ұсталғаны да сот материалдарында көрсетілмеген.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 21:25