"Бетінен, ішінен аямай ұрған": Алматы облысында мектептердің бірінде оқушы қатарластарын соққыға жыққан (видео)
Фото: Видеодан скрин
Желіде Алматы облысы Қараой ауылындағы №49 мектепте жоғары сынып оқушысы қатарластарына әлімжеттік жасағаны түсірілген видео тарады. Кадрлардан жасөспірімнің оқушыларды ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жантүршігерлік әрекет мектеп әжетханасында болған. Тізіліп тұрған жасөспірімдерді жоғары сынып оқушысы бірінен соң бірін ұрып шығады. Ешбірін аямай, басы мен денесіне соққы береді. Балағат сөздерін де жаудырып жатыр. Ал оқушылар оның соққысы мен әдепсіз сөздерін үнсіз қабылдап тұр.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысы әкімдігі түсініктеме берді. Мәліметке сәйкес, білім басқармасы қызметтік тексеру тағайындапты.
"Мектептің, мұғалімдердің, ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен қызметтік тексеру жүргізіледі. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады. Оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтары қамтамасыз етіледі. Қандай шара қолданылғанын кейінірек хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Ал полиция мәліметінше, бұл факті бойынша кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жасөспірім мен оқиғаны видеоға түсірген оқушының заңды өкілдері бала тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған жасөспірімдер профилактикалық бақылауға алынды. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі) бойынша жауапқа тартылды. Белгіленген айыппұл 10 АЕК (39 320 теңге) болды", - делінген хабарламада.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір комиссия құрылып, психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдастырылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде бір топ жігіт 11 сынып оқушысын қатыгездікпен соққыға жығып, пышақпен жарақаттағаны туралы жазған едік.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
