"Бетімнен сүйіп, әр жерімді сипалады": Алматыда мүгедек әйел күтушісін сотқа берді
Алматыда 54 жастағы мүгедек әйел өзіне дөрекілік көрсетіп, тіпті қол жүгірткен күтушісінің үстінен арыз жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Гүлжан Әбдрайымова – бірінші топтағы мүгедек. Жүре алмағандықтан интернет арқылы күтуші жалдамақ болып, агенттік іздейді. Алайда тапқан адам әйелдің жағдайын жасаудың орнына керісінше, күн көрсетпеген. Күтуші ер адам әйелге қол жүгіртіп, тіпті құлатып, денсаулығына зақым келтірген.
“Қайта-қайта құшақтап, бетімнен сүйіп, ернімнен сүйгісі келіп, басымды тартсам да, ұстап алып басымды сүйіп, әр жерімнен сипалады. Маған түнде "адам деген шешініп жату керек, тыр жалаңаш жату керек" деп, қанша рет айтты. Өзі үйде тек ішкиіммен жүрді”, – дейді Гүлжан Әбдрайымова.
Күтуші қызметі үшін күніне 12 мың теңге ақша алып отырған. Әйелдің айтуынша, басында ол ерсі қылықтарын байқатпаған. Алайда жақындары жоғын біліп, тиісіп, басынуды шығарған. Алғашында отыра алатын әйел күтушісі құлатып алған соң беліне зақым келіп, сүйегі сынып қазір төсекке таңылған.
“Күннен-күнге жағдайым нашарлап барады. Негізгі ауруым — жүре алмаймын. Енді бұлшық еттерім күннен-күнге әлсіз болып барады. Өліп бара жатқандай боламын. Күшім жоқ”, – дейді ашынған әйел.
Ал күтушіні тауып берген агенттік өкілі ер адамды танымайтынын айтады.
“Гүлжан маған қыркүйекте хабарласты. Ол бірінші топтағы мүгедек болған соң, бір орындықтан екінші жерге отырғызу үшін көтеру керек. Ал менің компаниямдағы күтушілердің бәрі — әйел. Олардың әлі келмейді. Бірақ Гүлжан тауып беруін сұрады. Осылайша мен интернет арқылы Артур есімді азаматты тауып, өзіне ұсындым. Адами тұрғыдан көмектескенім рас. Бірақ бұл ер адам менің қызметкерім емес. Мен оны танымаймын. Арада ешқандай келісімшарт жоқ”, – дейді Сарыжол" агенттігінің директоры Татьяна Васильева.
Жәбірленушінің арызынан кейін полиция тергеу жұмысын бастаған.
“Аталмыш дерек жөнінде Жетісу аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Кінәлі адамның іс-әрекетіне құқықтық тұрғыда баға беріліп, шара қолданылады”, – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.