Фото: Видеодан скрин
Абай облысында Бестерек ауылында алты баланы көлікпен қағып, төрт баланың өліміне себеп болған жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
55 жастағы көлік жүргізушісі Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлімі (Көлік құралдарын басқару ережелерін бұзу, салдарынан екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соғу) бойынша айыпталып отыр.
Бүгін сотта прокурор Әділжан Шарапиев айыптау актісін оқып, ер адамның 2013 жылдан бері “эпилепсия” диагнозымен есепте тұрғанын мәлімдеді.
“Айыпталушы 2013 жылдан бері “генерализденген эпилепсия және эпилептикалық синдром” диагнозымен есепте тұр. Бұл диагноз 2015 жылғы 9 қарашадағы №853 министрліктің бұйрығына сәйкес көлік құралын басқаруға тыйым салынған медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне кіретінін біле тұра, ол 2025 жылғы 19 тамызда әйелімен бірге Бестерек ауылынан Урджарға қарай бағыт алып, көлік басқарған”, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың айтуынша, көлік жүргізіп бара жатқанда айыпталушының ұстамасы ұстап, салдарынан көлікті басқара алмай қалған. Көлік жолдың сол жағына шығып, 2015–2018 жылы туған алты бала тұрған үйдің қоршауына соғылған. Екі бала сол жерде қаза тауып, бір бала ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырды. Тағы бір бала 26 қыркүйекте Семей қаласындағы балалар облыстық ауруханасында көз жұмды. Екі бала жарақат алды.
Айыптау актісі оқылғаннан кейін айыпталушы өзінің кінәсін толық мойындады.
Қаза тапқан балалардың ата-анасы айыпталушыға ең қатаң жаза беруді талап етіп отыр. Сот отырысы кезінде Таңшолпан Каримова жол апатының салдарынан үш қызын жоғалтқанын, кішкентай ұлы зардап шеккенін айтты.
“Балалар көршілердің ауласында ойнап жүрді. Жолда жүрсе түсінер едім, бірақ олар қоршаудың арғы жағында отырған, бір сәтте олар жоқ болды. Бір сәтте екі қызымнан айырылдым. 38 күннен кейін үлкен қызым да ауруханада қайтыс болды. Өзінің сырқат екенін біле тұра адам қалай көлік басқарады? Алты баланы қалай көрмеді? Ол адам қалай көлік басқарды? Неге ешкім мұны бақыламады”, – деді қаза тапқан балалардың анасы.
Бестеректегі балалар өлімі: Жол апатынан комаға түскен қыз бір айдан соң көз жұмды
Бестеректегі балалар өлімі: Екі науқас ауруханадан шығарылмақ
Оның айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін айыпталушының туыстары олардың отбасына бір миллион теңге берген, ал үшінші қызы көз жұмғаннан кейін тағы 500 мың теңге әкелген. Таңшолпан Каримова айыпталушы мен оның жақындары өзінен кешірім сұрап келгенін айтты. Алайда мұның ешбірі қыздарын қайтара алмайтынын атап өтті. Қайғыдан қан жұтқан ана айыпталушыны кешіре алмайтынын, сондай-ақ ер адамға жүргізуші куәлігін бергендерді тауып, оларды жауапқа тартуды талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатында жараланған екі бала санитарлық авиация арқылы Астанаға әкелініп, қаладағы №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Денсаулық сақтау министрі ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысты. 7 қазан күні жол апатынан комаға түскен қыз бір айдан соң ауруханада қайтыс болды.