Бес жылға сотталған Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қайтарып алды
Фото: atameken.kz
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған Абылай Мырзахметов соттан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өтініш Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 2 мамырда түскен. Ал өтінішті қарау бойынша отырыс 28 мамырға белгіленді. Алайда отырыс өткен жоқ.
"Материал қаралмастан қайтарылды: сотталған адам арыз беріп, өтінішін кері қайтарып алды", – деп мәлімдеді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар сотталғандар әр алты ай сайын өтініш бере алады.
"Енді сотталған адам мұндай өтінішті алты айдан кейін ғана бере алады. Алайда ол жазаны неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру сияқты басқа өтініш беру туралы шешім қабылдаса, ондай өтінішті ертерек беруге болады", – деп түсіндірді сот өкілдері.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы №46 мекемеде жазасын өтеп жатыр.
Еске салсақ, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 30 млн доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған еді. Сотта кінәсі дәлелденіп, ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Абылай Мырзахметов сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы екі рет өтініш түсірген.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
