Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес елдің ортақ міндеті": Тоқаев Каспий теңізін сақтап қалу мәселесін көтерді

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Қазақстан–Иран бизнес форумында Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Форумда сөйлеген сөзінде Тоқаев Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалуға баса мән берді.

“Каспий теңізінің тағдыры – өте өзекті мәселе. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым”, – деді президент.

Ғалымдар Каспий теңізі екіге бөлінетінін ескертті: Бұл Қазақстанға қандай қауіп әкеледі?


Тоқаевтің айтуынша, Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет ету қажет. 

“Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Аталған іс-шаралар Каспий теңізіне қатысты түйткілді жан-жақты қарап, тиімді шешім табуға септігін тигізеді. Ирандық әріптестерімізді осы бастамаларға белсене атсалысуға шақырамыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, бұған дейін Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі жағалаудан 18 шақырымға таязданғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 11 Желтоқсан, 2025 18:58