"Бес адам бір тіс щеткасын пайдаланған, қайыр тілеуге мәжбүрлеген": Алматыдағы қоғамдық қор жетекшісі мүгедектерге арналған интернаттардағы сұмдық жайттың бетін ашты
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде ақыл-есінде кемістігі бар жандарға арналған 31 психоневрологиялық мекеме бар, онда 10 мыңнан астам адам тұрады. Арнайы орталықтарда тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған “Отбасы үйінің” жетекшісі Алма Бекпанның сөзінше, мұндай мекемелерде жарымжандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілмейді, олардың құқықтары сақталмайды. Интернаттарда орын алатын сұмдық жайттардың бетін ашқан ол Stan.kz тілшісіне мемлекеттік мекемелердің кемшілігін, ерекше қажеттілігі бар жандарды тәрбиелеудің қиындықтарын айтып берді.
Ақыл-ойында кемістігі бар тәрбиеленушілердің қайта қоғамға бейімдей алдық
Біз үшін жастайынан ата-ана қамқорлығынсыз өскен жандарға отбасы құндылықтарын үйрету маңызды болды. Балалар үйі, ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған мекемелердің тәрбиеленушілері барлығын жақсы көреді, бірақ олардың бойында туыстық махаббат қалыптаспаған. Мұндай орындарға сыйлық, кәмпит әкелген әрбір адам олар үшін ана, әке, аға, әпке болып кетеді. Міне, осы мақсатта тәрбиеленушілердің бойында отбасы сезімін ояту үшін біз осы орталықты аштық. Отбасы құндылықтарын сезінбеген адамдарға өмір сүру қиын болады. Отбасы үйінің басты мақсаты – осы ақыл-ой қабілеті бұзылған жандарды өз қамқорлығымызға алып, қоғамның бір мүшесі ретінде өз бетінше өмір сүруді үйрету.
Орталықтың тәрбиеленушілері – сот үкімімен өздігінен шешім қабылдауға қабілетсіз деп танылғандар. Яғни олар өз бетінше шешім қабылдап, өз әрекеттеріне баға бере алмайды. Мұның барлығына қамқоршы жауап береді. Жалпы 19 адамды өз қамқорлығымызға алғанбыз. Өткен жылдан бастап сот төрт тәрбиеленушімізді қайта қоғамда жеке-дара өмір сүруге қабілетті деп таныды. Біз оларды сыртқа жайдан-жай шығара салған жоқпыз. Біз бір жыл бойы серіктестер іздеп, оларды дайындап, жұмыспен, тұратын орынмен қамтамасыз етіп шығардық. Яғни жұмыс берушілер оларды мүгедек жандар ретінде емес, толыққанды жұмыскер ретінде қызметке қабылдады. Қазір тәрбиеленушілердің үшеуі Алматы облысы Текелі қаласында жұмыс істеуде, тағы біреуі Алматыда қалды. Соңғы қызымызды бізбен жақсы араласатын отбасы өз қамқорлығына алды. Әрине, олармен байланысты үзбедік.
Бір айта кетерлігі, тәрбиеленушілер бізге түскеннен бастап біз олардың жәрдемақысына қол тигізген жоқпыз, қаражат төрт жыл бойы жиналып келді. Яғни түлектеріміз Отбасы үйінен қолдарында қомақты ақшамен шықты деп айтуға болады. Бізге келгенге дейін олардың ақшалары талан-таражға салынып келгені жасырын емес. Тәрбиеленушілеріміздің орталықтан қоғамның саналы мүшесі ретінде шығатынын білгендіктен, ақшаларына әдейі тиіскен жоқпыз. Міне, осылайша олар депозиттеріндегі қорын алғашында бір пайдаларына жарата алады.
Шын мәнінде, біздің орталық сынды орындар жоқтың қасы. Біз Қазақстандағы осы бағытта жұмыс істейтін жалғыз орталықпыз. Ал, түптеп келгенде, арнайы мекемелердің тәрбиеленушілері керісінше осындай орталықтарда тұрса, игі болар еді. Алайда мемлекеттік бюрократиялық үрдістері мен интернаттардың басшылығының өз мүдделерін ойлап қалғаны сондай, орталықтардың болуына үзілді-кесілді қарсы шығып, жолымызды бөгеуде. Неліктен дейсіз ғой? Себебі мемлекет мүгедектер үйіне үлкен қаржы бөледі. Бір интернатта 700 адам тәрбиеленетіні дұрыс емес екенін айтып келеміз. Бірақ интернат басшылықтары өз қара бастарын ғана ойлап отыр. Тіпті өздерінің қызметін дамыттық деп, арнайы мекемелерде неше түрлі құрылғылар орнатып, түкке пайдасы жоқ кабинеттер ашуда. Сайып келгенде, бұл интернаттағы өмірді өзгертпейді. Интернаттар жабық мекеме болып қала береді.
Бізге келген 14 қыздың 12-сі топтық зорлау құрбаны болған
Жарымжандардың құқықтары бұзылатыны былай тұрсын, оларды адамсың ба, итсің бе демейді. Отбасы үйіне келген 14 қыздың 12-сі топтық зорлық құрбаны болғанын білгенде жағамды ұстадым. Ұрып-соғу жайлы мүлдем айтпай-ақ қояйын. Ең сорақысы, олар мұндай жағдайларды қалыпты санайды. Біз тәрбиеленушілердің бойындағы үрейді сейілту үшін өте көп уақыт бойы жұмыс жасадық. Олар құшақтасудың өзінен қорқады. Ұзақ уақыт бойы тәрбиеленушілердің бойындағы агрессияны азайту үшін тер төктік. Осындай жерлерде өскендіктен, олардың бойында қорғану реакциясы қалыптасқан. Әрбір бөтен адамды өздеріне жау көреді.
Интернаттарда, былайша айтқанда, қыз-ұл деп бөлмеген. Қыздардың өздері де әйелдер секілді киінуден, әдемі болудан қорыққан. Шаш өріп, сұлуланып жүретін болсаң, мені зорлайды деген қорқыныш сезімі болған. Біз қазір осы қорқынышты жою үшін оларға киім сатып бергенде арнайы әйелдерге арналғанын аламыз, осыған көп көңіл бөлеміз.
Біздің үйімізге келген әрбір адаммен, әрбір еріктімен алдын ала әңгімелесеміз. Құшақтасуға болмайды, уәде бермеңіздер, тәрбиеленушілерді балалар, балақайлар деп атамауды сұраймыз. Мұнда жүргендердің ең кішісі 19-да, ең үлкені 35-те, сондықтан оларға бала секілді қарамау қажет. Бұған қоса, жастайынан жетімдікте өскендердің есінде сырттан келген адамның әрбір айтқан сөздері жатталып қалады. Қазірдің өзінде “Мария Ивановна мені қызым деп атап, алып кетуге уәде берген” деп байбалам салатындар бар. Ал олай айтқан адамдар сол күні-ақ берген уәделерін ұмытып кетеді. Қонақтар сол кезде өзін мейірімді қылып көрсету үшін осылай айта салады. Бұл сөздердің барлығы баланың ойында қалып қояды, осылайша олар адамдарға деген сенімін жоғалтады. Осы сенімді қайта қалыптастыру үшін ұзақ жұмыс істедік.
Ең алғаш тәрбиеленушілерді алып келгенде басты мақсатымыз оларды тойдыру еді
Ең басында келгенде біз оларды тұтастай медициналық тексеруден өткіздік. Себебі олардың тәніндегі ауруларды емдемей, ақыл-ойын қалыпқа келтіру – мүмкін емес дүние. Біреуінің дені сау болмағаг еді. Барлығының да бірінші кезекте ас қорыту жүйесі бұзылған. Олардың денсаулығын дұрыстау үшін екі жылдай уақыт кетті. Соған байланысты өз еріктерімен қанттан, газдалған сусындардан бас тартты. Кейбір қыздар ұн өнімдерін жемейтін болды. Мәселен, бізге бойы 150 см, салмағы 105 келіден асатын қыз келді. Өздігінен тұрып жүре алмайтын, күні бойы жататын немесе отыра беретін. Қазір оның салмағы 55 келіге дейін түсті. Алғашында ол киім өлшегенде қатты қысылатын, қазір ол – ең сәнқой тәрбиеленушілеріміздің бірі. Айтайын дегенім, біз оларды қинап, тамақ бермей қойған жоқпыз, өздері ақылға келіп, осылай арықтады.
Алғашында біздің басты міндетіміз оларды тойдыру болатын. Келген жылы тамаққа мүлдем тоймайтын. Алғашқы жылдары үстелдің үстінде тамақ тұрмайтын, қойып қойсақ, бітіріп тастайтын, сонымен қайта қоятынбыз. Олардың осы тамақсаулығын түзеу керек болды. Тәтті тағамдар, жеміс-жидектер тек біреу келгенде ғана емес, күнделікті болатынын үйреттік. Тоңазытқыш, азық-түлік тұратын шкафтар үнемі ашық тұрады. Бір айта кетерлігі, біз мұнда бар дүние – бәрімізге ортақ, "өле жегенше, бөле же қағидасын" енгіздік. Осылайша біз олардың бойында жауапкершілікті қалыптастырғымыз келді. Нанның өзі оларға бір ғажайып тамақ болып көрінетін. Өйткені интернатта олар тәрбиешілерге еден жуып, бала қарап көмектескені үшін нан мен су алады екен. Басында бөлмелеріне алма, кәмпит алып барып тығып қоятын. Ал қазір олар еріктілер әкелген тәттілерге көңіл аудармайды. Яғни төрт жылда олардың өздері де, көңілдері де тойды деп айтуға болады. Біз үшін бұл – үлкен жетістік.
Интернатта бір тіс щеткасын кемінде 5 адам пайдаланған
Балалар үйіндегі әлімжеттік бөлек әңгіме. “Мен отырамын, сен маған қызмет ет” деген сынды түсініктермен күресу өте қиын болды. Қазір біреуі бір жерді жинаса, екіншісі басқа жерді тазартады. Біреуі отырып, екіншісі жұмыс істеу деген түсінік жоқ. Мүгедектер үйінде олар өмір үшін күрес жүргізсе, мұнда олар бір-біріне қамқорлық жасауды үйренді.
Ең басында қанша ыдысымыз сынды десеңізші. Интернатта керамикалық ыдыс жоқ, барлығы темірден жасалған. Олар соған үйреніп қалған. Мынау менің дүнием ғой, сынып қалады-ау деп ойламайтын. Ешқайсының жеке санитарлық заттары да болмапты. Бір іш киімнің тоз-тозы шыққанша жүреді екен. Бір стаканмен бес адам су ішу, бір тіс щеткасын бес адам қолдану олар үшін қалыпты дүниеге айналып кеткен. Алғашқы жылдары осы жағдайларды түзету қиын болды.
Қазір олардың әрқайсысында жеке төсегі мен шкафы бар. Бір бөлмеде үш адамнан тұрады. Әрбір бөлменің жеке жуынатын жері мен дәретханасы бар. Қазір біз оларға түрлі киімдер алып береміз, қонаққа киетін, үйге киетін, сыртқа шыққанда киетін киімдері бөлек-бөлек. Ал бізге жазда келгенде тәрбиленушілердің үстінде жұмысшылар киетін шолақ шалбар мен майка, резеңке тәпішке ғана болды. Қыздардың шашын тақырлап алып тастаған. Ересек қыздардың ешқайсында көкірекше болмаған. Суицидті желеу етіп, осындай қарапайым қажетті заттарды алып бермеген.
Демеушілердің сыйлығын ашса, жазалайтын болған
Енді балалар үйіне, арнайы интернаттарға демеушілер, еріктілер жиі келеді ғой. Сол кезде тәрбиешілер балаларды “егер қазір демеушілердің алып келген қабын ашатын болсаңдар, дәрі егеміз” деп қорқытатын көрінеді. Алайда мұндай шектеулерге қарамастан, қапты жыртып жіберіп, ішіндегі тәттілерді жеп қоятын батылдар да болыпты. Бір күні біздің үйге ең бірінші рет еріктілер келіп, сыйлық таратып кеткен болатын. Сөйтсем, олар кеткен соң, тәрбиеленушілер сұстиып, әлгі қораптарына қарап отырып қалған. Мен не болғанын түсінбедім, сонда біреуі “сыйлықтарды қайда жинайық?” деп сұрағаны бар емес пе? “Ешқайда жинаудың қажеті жоқ, өздеріңнің бөлмелеріңе алып барсаңдар болады” дедім. “Өзімізбен алып баруға бола ма не?" деп сұрап жатыр. Қараңызшы, байғұстарды қандай жағдайға жеткізгендерін.
Тәрбиеленушілер қазір еріктілердің, демеушілердің бізге түрлі сыйлық әкеліп, жәрдемдесетініне үйренісіп қалған. “Қалай ойлайсыңдар, олар бізге не үшін көмектеседі?” деп сұрасаң, "енді біз мүгедекпіз ғой" деп жауап қайырады. Осы бағытта көп жұмыс істедік. “Қайырымды жандар сендерге мүгедек болғандықтан емес, кейіннен осы жақсылықты басқаларына көрсетсін деген ниетпен жәрдемдеседі” деп саналарына құюға тырыстық. Бізге келетін қонақтар үйдің тап-тұйнақтай жинаулы екенін көріп, таңғалып жатады. Осыған байланысты қазір біз мынадай жобаны қолға алып отырмыз: көп балалы аналарды, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтарды немесе жалғыз өзі тұратын қарияларды іздеп тауып, олардың үйін жинап, тазалап береміз. Біз де қолымыздан келгенше қоғамға пайдамызды тигізуді жөн көрдік.
Жарымжандарға арналған интернаттарда адам зорлайтындар жұмыс істейді
Арнайы ақыл-есінде кемістігі бар жандар тәрбиеленетін бір мекемеде 400-ге жуық қызметкер бар. Олардың 100-і ғана шынымен қажетті мамандар. Ал қалғандары аса қатты керегі жоқ аула сыпырушылар, бала күтушілер, киім-кешекке жауап беретіндер, тағысы тағы бар. Міне, мемлекет бұған қыруар қаржы бөледі. Мекеме басшысының жеке хатшысы, көлік жүргізушісі бар. Олардың тәрбиеленушілерге не қажеті бар?
Қыздардың зорланғандарын білдік, оны айтасыз, тіпті біреуінің жатырын заңсыз жолмен алдырып тастағанын да анықтадық. Осылайша интернаттағылар адамның тағдырына балта шауып отыр. Осы мәселелерді көтергенім үшін мен халық жауы атанып кеттім. “Неліктен мүгедектер үйінде қыздарды зорлайтындар жұмыс істейді, не үшін олардың қылмысы жабулы күйінде қалады” деген менің сөзіме ешкім құлақ аспады. Оның орнына мүгедектерді қоғамнан аластатып, қамап ұстап, бөлінген ақшаны қалталарына басу интернат басшылықтары үшін әлдеқайда тиімдірек.
Ең қызығы, интернаттар жабылып қалмас үшін, қазіргі таңда басшылығы мынадай қитұрқы әрекетке барып отыр: олар арнайы мекемелер жанынан өз бетінше өмір сүру үйлерін ашуда. Бірақ мұндай үйлерге ғимаратты мемлекет тауып береді, қаражатты мемлекет бөледі. Ал мұндай үйлер интернаттың бір бөлімі, басшысы да тәрбиешілері де өзгермейді. Қарап тұрсаңыз, ақылға қонымсыз дүние.
Өздері дүкен аралап, қоғамдық көлікпен жүре алатын жағдайға жетті
Пандемияға дейін біз оларды циркке немесе зообаққа апарғанда, арнайы автобус жалдайтынбыз. Қазір олар өз бетінше автобуспен қатынай алады. Өз беттерімен дүкенге барып сауда жасайтындай жағдайға жетті. Әрине, о баста қиын болды. Бірақ кейінірек үйреніп кеттік. Ең басында мен осы аудандағы дүкендерді аралап, тәрбиеленушілерге түсіністікпен қарауды өтіндім. Не алу керектігін қағазға жазып жіберемін, олар да сатып алған заттардың қанша теңге болғанын, қанша ақша қайтарылғанын маған жазып жібереді. Бір қуанарлық жайт, сатушылардың ешқайсысы тәрбиеленушілерді алдап, ақшасын жеп қалу сынды әрекеттер жасамады. Міне, осылай тәрбиеленушілерді бірте-бірте қоғамға бейімдеп жатырмыз.
Тәрбиеленушілердің өз қолдарымен жасаған көрпе мен сөмкелер
Интернаттарда әріптің орнына қайыр тілеуді үйретеді
Алғашқы жылы өте қиын болды. Екінші жылы үйренісе бастадық. Қазір әрқайсысы өз шаруасын біледі. Әркім өз бетінше ас үйде кезекші болып, өз шаруасын бөліп-бөліп алған. Әдет-дағды қалыптасқан. Бұл ең маңызды дүние. Олардың ойлау қабілетін қайта қалпына келтіру үшін осындай әдет қалыптастыра білген жөн. Ал интернатта әр күні әртүрлі нәрсе, әдетте ол тәрбиешінің, интернат директорының көңіл-күйіне байланысты. Еріктілер келсе, тұра жүгіріп, бәрін жуындырып, отырғызып қояды. Ал біз барлығын алдын ала жоспарлауға тырысамыз. Соның арқасында қазір тәрбиеленушілер бірте-бірте әліпбиді үйреніп, оқи бастады. Әрине, 35 жаста сауат ашу өте қиын. Бірақ егер оларға да басқа балалармен бірге сабақ оқытса, мұндай болмас еді.
Оларға әріптің орнына қалай қайыр тілеу керектігін үйреткен. Биыл Отбасына үйінен шыққан бір жігіт болды. Оны интернатта мүгедектер арбасына отырғызып қойып, ән айтқызады екен. Бірақ ол – балдақпен жүріп тұрған адам. Оны арбаға отырғызып, осылайша демеушілердің жанашырлығын тудырады екен. Сонымен қатар, мүгедектер үйінде балаларды әр жұма сайын мешітке қайыр тілеуге жіберетін көрінеді. Біздің үйдің түлектерінің бірі соған жауапты болыпты. Бұл не сұмдық? Интернат басшылығы өздері осыған жол беріп отыр, қайыршылықты ақша табудың бір амалына айналдырған.
Бір шенеунік “мені сіздің есуастарыңызбен салыстырмаңызшы” деп састырды
Депутаттар, шенеуніктер келмейді емес, келеді. Бірақ бос уәде беріп, ұшты-күйлі жоғалады. Отбасына үйіне қонақ болғандар мұндағы тәрбиеленушілерді көріп таңғалысып жатады, сондай ашық, мейірімді екен деп айтады. Тіпті, мен жоқта жауапты адамдар келіп, бізді тексермек болып, келіп көріп, айтқандарымызға көздері жетіп кетеді. Демеушілер келгенде былай айтыңдар деп үйретіп қою бізде жоқ. Мұнда бәріне еркіндік берілген. Бірақ шенеуніктердің көзқарасы әлі де қынжылтады. Мынандай жағдай болды: бірде Отбасы үйіне жаңа тәрбиеленушілерді алып келу туралы жауапты шенеунікпен сөйлескенбіз. Сол кезде “мен енді оларды күштеп алып кетпеймін ғой, сізді біреудің үйіне күштеп апарып тастаса, қандай сезімде боласыз” десем, “мені сіздің есуастарыңызбен салыстырмаңызшы” деп састырды. Бұдан басқа, жұмыспен қамту орталығындағы тағы бір шенеунік “олар оқып, жаза алмаса, жұмыс олардың не теңі?” деді. Сонда жауапты тұлғалардың өзі осылай айтып тұрса, басқаларынан не қайыр?
Бір күні бір депутатымыз келді. Сонда маған “мыналарды қуып жіберіңізші, біз дұрыстап сөйлесуіміз керек қой” дейді. Олар менің емес, осындағы адамдардың мәселесін шешуге келгенін ұмытып кеткендей. Тағы бір депутатымыз бір тәрбиеленушіміздің көрсетіп, “мынадан адам шығам ма, не үшін мұндай адамдарды алып шығасыздар?” дейді. Ал қазір әлгі тәрбиеленушіміз мұндағылардың арасындағы ең сауатты, ең анық сөйлейтіні.
Мүгедектерге арналған бағдарламаны қызғанып отыр
Мемлекеттің мүгедек жандарды жұмыспен қамту бағдарламалары бар. Бұл бағдарлама негізінде мемлекет жарымжандарды жұмысқа алған ұйымдарға субсидия құйып отырады. Бірақ ол жақта біздің бағдарламаға қатысуымызға шектеу қойып отыр. Сөздерінше, біздің Отбасына үйіне мемлекет қаржы аударатындықтан, екінші рет басқа бағдарламаға қатысуға болмайды. “Сіздерге мемлекет ақша бөледі, бұл бағдарламаға қатыса алмайсыздар” деп қызғанып отыр. Сонда мемлекет басшысының, Елбасының бағдарлама әлеуметтік осал топтарға бағытталған деп айтқаны қайда қалды? Біздің тәрбиеленушілер әлеуметтік осал топ болмай немене? Ал біз үшін мұндай жұмыс орындарының маңызы өте зор еді. Себебі түптеп келгенде мемлекет бізге тек үш уақыт тамаққа және қызметкерлерге жалақы ғана төлейді. Былай алып қарасаң, бізге мейрамдарға, басқа шығындарға, киімге ақша бөлінбейді. Оның барлығын өз қалтамыздан шығарамыз. Әлгі бағдарлама бойынша жұмысқа қатты сеніп едік. Ал міне енді күз келіп жетті. Мен оларға киімді қандай ақшаға алып беремін? Күз келгенде бізді бағдарламадан шығарып тастай салды.
Мүгедек жандардың өздерінен гөрі оларға бөлінетін ақшасы маңыздырақ
Біз мемлекеттің ақшасына сеніп отырған жоқпыз. Бос уақытта құрақ құрап, көрпе мен дорба тігіп, оларды сатумен айналысамыз. Әрине, бұған көп уақыт кетеді, дегенмен өз жыртығымызды өзіміз жамауға тырысамыз. Мемлекеттен азын-аулақ қаражат алып отырсақ та, Қазақстандағы интернаттардың бірі жетпеген нәтижені көрсетіп отырмыз. Біз ақыл-есінде кемістігі бар адамдарды емдеп шығу мүмкін екенін дәлелдедік. Тәрбиеленушілердің еңбекке жарамдылығын қайта қалпына келтіріп, оларды қоғамға бейімдеп шығарғанымызда қандай қысым болғанын айтып жеткізе алмаймын. Иә, бәлкім, олар әріп танымайды немесе жаза алмайды. Бірақ бұл оларды қамап, қоғамнан бөліп тастау керек дегенді білдірмейді.
Біздің көрсеткен нәтижелерге ешкімнің назар аударғысы келмейді. Себебі оларға бөлініп жатқан ақша мен өз мүдделері әлдеқайда маңыздырақ. Біздің үйге тағы да адамдар сыяды. Алайда оларды интернаттағылардың бергісі келмейді. Мүгедектер интернат басшылығы үшін кіріс көзі болып тұр.