Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Берік Уәли Астанадан Абай облысына "өз адамдарын" неге ертіп келгеніне жауап берді

Берік УәлиФото: әлеуметтік желіден

Абай облысының әкімі Берік Уәли 17 ақпанда тағайындаудан кейін "өз адамдарын ертіп келді" деген сынға жауап берді. Уәлидің айтуынша, өңірде кадр тапшылығы айтарлықтай жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әкімнің айтуынша, кейбір мамандарды елордадан шақыруға тура келген, себебі облыста тәжірибелі басқарушылар жетіспейді. Ол облыстың құрылғанына небәрі үш жарым жыл бұрын болғанын, осы уақыт ішінде әкімдік институты іс жүзінде жойылғанын айтты.

"Біз шын мәнінде кадр тапшылығын сезініп отырмыз. Бұл жерде 25 жыл бұрын жұмыс істеген мамандардың көбі зейнетке шыққан, қалғандары көшіп кеткен. Осы жылдар ішінде әкімдік институты іс жүзінде жойылды, сондықтан кадрларды орталықтан шақыруға тура келді", - деді Берік Уәли.

Өңір басшысы тек сенімді әрі білікті мамандарды шақырғанын мәлімдеді.

"Мен жұмысқа өзім жақсы білетін, шынымен жұмыс істей алатын адамдарды шақырдым. Қазір бәрі өз міндеттерін атқарып жатыр", - деді ол.

Мысал ретінде әкім идеология саласының маманы Мейірланды әкімнің орынбасары, ал саясаттанушы Жарқынды ішкі саясат басқармасына тағайындағанын айтты.

Сонымен қатар, Уәлидің айтуынша, жаңа басқарма басшыларының басым бөлігі жергілікті мамандар.

Берік Уәли соңғы айларда өзімен бұрын жұмыс істемеген бірнеше басшының тағайындалғанын айтты. Тізімде спорт басқармасы басшысының орынбасары, қалалық автокөлік бөлімінің, автожолдар басқармасының жаңа басшылары, сондай-ақ қала әкімдігінен құрылыс басқармасына ауысқан Бекжан Бәкішев бар.

"Егер қарасақ, бұл адамдардың барлығы Семейде еңбек еткен мамандар. Сондықтан бұны “өз командасы” деу дұрыс емес. Біз тек шын мәнінде жұмыс істей алатын адамдарды тағайындаймыз", - деді әкім.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының әкімі Берік Уәли өзіне емес, әкімдік қызметкерлеріне арнап 450 миллион теңгеден астам сомаға жиһаз сатып алуға байқау жарияланғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Берік Уәли "Әліби ісі" бойынша 12 жылға сотталған адаммен түскен суретіне қатысты пікір білдірді.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 15:21
Талқылау