Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бергей Рысқалиевтің пәтерін ақтөбелік шенеунік жекешелендіріп алған – БАҚ

Жандос Әлімов пен бергей рысқалиев

Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі/Атырау облыстық әкімдігі

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғалары ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Shapalaq.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы "Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Тергеудегі басты айыпталушылардың бірі – Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Жандос Әлімов. Ол қазір Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасын басқарады.

2021-2024 жылдар аралығында ол бөлім басшысы және комиссия мүшесі бола тұра арызданушылар берген мәліметтердің дұрыстығын тексермеген. Нәтижесінде мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан 33 пәтер заңсыз жекешелендірілді. Оның үстіне мемлекет айырылған пәтерлер ескі үйде орналаспаған, тұруға жарамды үйлер еді. Қалалық тұрғын үй қорынан заңсыз алынған пәтерлердің басым бөлігі "Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі" қызметкерлерінің меншігіне өтіп кеткен.

Мемлекет меншігінен алынған баспаналардың ішінде Бергей Рысқалиевке тиесілі болған және сот үкімі бойынша қашқын олигархтан тәркіленген пәтер де бар.

33 пәтерді заңсыз жекешелендіруден келген шығын – 122 586 779 теңге.

Еске салайық, 2013 жылы Атыраудың экс-әкімі Бергей Рысқалиевке "бюджет қаражатын ұрлады және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға созылды, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті сырттай 17 жылға, оның ағасы Аманжан Рысқалиевті 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүлкін тәркілеген. Алайда 2020 жылы сот олардың отбасынан тәркіленген мүліктің бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдады.

Рысқалиевтер отбасы кейінгі 12 жыл саяси баспана алып, Ұлыбританияда тұрады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 09:58
Талқылау