Бердібек Сапарбаевтың орнына Оңтүстік Кореядан келген мейман қол қойып жіберді
Қазақ-кәріс ынтымақтастықты дамыту жөніндегі орталықтың директоры Ву Джонг Хи ханым мен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі тарап арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды.
Екеуара жақсы әңгімелер айтылды. Ақтөбе облысына инвестиция тарту жайы сөз болды. Бердібек Сапарбаев медицина, спорт, мәдениет, т.б. салаларда байланыс орнатқысы келетінін жасырмады, деп хабарлайды «Тілші».
«Оңтүстік Корея тек экономикалық тұрғыда емес, сонымен бірге, саяси жағынан да серіктесіміз болып қала бермек. Сіздер елдеріңізге барғанда, Ақтөбе облысына инвестиция тартуға болатынын айта жүріңіздер. Өздеріңіздің кәсіпкерлеріңізбен сөйлесіп, біздегі жағдайды түсіндіріңіздер», — деді облыс басшысы Оңтүстік Корея өкілдеріне.
Өз кезегінде, Қазақ-кәріс ынтымақтастығын дамыту жөніндегі орталықтың директоры Ву Джонг Хи ханым «үнемі Қазақстанды тек жақсы жағынан жарнамалап жүргенін» жасырмады.
Ынтымақтастық жөніндегі келісімге келерде кореялық мейман облыс әкімінің орнына қол қойып жіберсе керек, ұялғаннан эмоциясына ерік берді. Жағдайды түсіне қойған Бердібек Сапарбаев «ештеңе етпейді» деді де, құжаттағы қолды сызып тастап, қай жерге қол қою керектігін ымдап жібере қойды.
Залда отырғандардың бірі Ву Джонг Хи ханымды «әкім болғысы келіп жүрген шығар» деп әзілін айтып та үлгерді. Өз кезегінде, аймақ басшысы «Ақтөбе облысында әйел әкімнің аз, тіпті жоқтың қасы екенін» айтып қалды.