Бердібек Сапарбаев сотта ар-намысын қорғап алды
Бердібек Сапарбаев ар-намысын қорғап алды. Бүгін Астана қалалық Алматы ауданының соты Ақтөбе облысы әкімінің талап арызын қанағаттандырды.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
“Талапкер Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының жауапкер Егеубаев Айдын Қалдыбаевичқа ар-намысқа, қадыр-қасиетті және іскерлік беделді қорғау және моральдық зиянды өндіру туралы талап арызы жартылай қанағаттандырылсын”, – деді Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Бағдагүл Бияхметова.
Осылайша сот шешімімен Айдын Егеубаевтың Youtube арқылы жариялаған мәлімдемесіндегі “Сапарбаев мырзаның тікелей тапсырмасымен қытай азаматтары жер алды” деген сөзі шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Сондай-ақ, дәл осы мәтінде ақпарат агенттігіне берген сұхбатын да сол баспасөз бетінде жоққа шығару міндеттелді. Азаматтық белсенді бұл шешімді қайта қарауға өтініш береміз деп отыр. Ал, Бердібек Сапарбаев моральдық өтемақы ретінде 5 миллион теңге сұраған болатын. Судья, жауапкер Егеубаевтың 5 баласы бар екенін ескеріп шенеуніктің ар-намысының өтемін 100 мың теңге деп бағалады.
Еске сала кетсек, бұған дейін азаматтық белсенді Айдын Егеубаев Қытай азаматтарының қазақстандықтармен ортақ кәсіпкерлік ашып, сол арқылы ШҚО-дан жерді жалға алғандығын жария еткен еді. Егеубаев бұл іс сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен болғанын да айтқан. ШҚО экс-әкімі Сапарбаев өзіне қатысты жария болған бұл ақпаратты теріске шығарып, Егеубаевты сотқа берген болатын.
Оқи отырыңыз:
Назарбаев: Кезінде елорданы ауыстыру – бомбаның жарылуымен тең болды (видео)
Қазақстанда тағы бір мерекелік күн пайда болуы мүмкін
Сергей Кулагиннің ұлы президент әкімшілігіне беделді қызметке тұрды
Сапарбаев сенбілікке шықпай терезеден сығалап қарап тұрғандарға ұрысты