Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев өзін жер сатты деп айыптаған адамды сотқа бермек

Аймақ басшысы әлеуметтік желіге жалған ақпарат таратқан адамды сотқа бермекші. Бұған дейін кәсіпкер Айдын Егеубаев әкімді Қытайға жер сатты деп айыптаған еді.

007203-YBbk3Z

Фото: vaktobe.kz

Егеубаев Фейсбуктегі өз жазбасында Ақтөбе облысының әкімі ШҚО басшысы болып тұрған кезінде Үржар ауданындағы 87 мың гектар жерді қытайлықтарға саудалады деп жазған.

Бердібек Сапарбаев баспасөз мәслихатында ШҚО-дан ресми жауап күткенін айтты. Әкімдіктен хат жақында ғана келген. Онда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы бір де бір гектар жердің Қытайға сатылмағаны айтылған. Егеубаев прокуратура, ҰҚК, “Нұр Отан” басшылығы аталған фактіге назар аударып, тексеріс жүргізуі қажет деген болатын. Енді Ақтөбе облысының әкімі сотқа шағым түсірмек.

Сапарбаевтың айтуынша, өсекті желіге жариялаған адам кейін өзгелерге сабақ болу үшін өз жазасын алуы тиіс. “Әлеуметтік желіде жұмыс істеу мәдениетінің төмендігі бұл” деп атап өтті ол.

Әкім Егеубаевпен жеке таныс емес екенін, бірақ, жазбаны біреудің бұйрығымен жариялауы мүмкін екенін түсіндірген. Сапарбаев жалпы бұл процесте жеңіп шығарына сенімді. Әкім, өзі талап етіп отырған моральдық шығын есебінен түскен қаражатты балалар үйіне аударатынын ескертті.

Талқылау