Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Әйелін танымаймын”: Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің сотта айтқан мәлімдемелеріне жауап берді

“Әйелін танымаймын”: Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің сотта айтқан мәлімдемелеріне жауап бердіКоллаж: Stan.kz

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің сотта айтқан мәлімдемелеріне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Берденов бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сот отырыстарына жеке қатыса алмайтынын, алайда сот барысын жіті бақылап отырғанын атап өтті. Шенеунік күдіктінің сотта айтқандарын бопсалау және қысым көрсету әрекеті деп атады.

"Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ”, – делінген шенеуніктің жазбасында.

Сондай-ақ Берденовке күдіктінің өкілдері хабарласып, кешірім беруін талап етіп, кешірім бермесе шу шығаратындарын, күдіктінің әкесі өзін өртейтінін айтып қысым көрсеткен көрінеді.

"Ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, "достасуды" ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын”, – дейді Берденов.

Руслан Берденов күдіктінің әйелін танымайтынын айтып, күдіктінің сотта айтқан “қызғаныш”, “Берденов әйеліме хабарлама жазды” сөздерін жоққа шығарды.


"Жұбайым Берденовті үлгі етіп, ажырасуға арыз берді": Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық жасаған күдікті қылмысқа қызғаныш себеп болғанын айтты

"Жұмыстан шығарылғаны үшін кек алған": Руслан Берденовке шабуыл жасаған күдіктінің оқ атуына не себеп болғаны айтылды


"Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын”, –  делінген жазбада.

Сондай-ақ шенеунік күдіктінің "Берденов қастандыққа Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков тапсырыс берді деп айтуымды сұрады” деген мәлімдемесін де жоққа шығарды.

"Бұдан да сорақысы – бүгін бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын”, – делінген Берденовтің жазбасында.

Руслан Берденов денесінде аңшы мылтығының қорғасын оқтарының қалдықтары әлі де бар екенін айтып, рентген фотоларын жариялады. Шенеунік сотқа жеке қатыса алмайтынын, соттың әділдігіне сенетінін атап өтті.

Еске салсақ, Шымкентте қала әкімінің орынбасарына қастандық жасаған күдіктіге қатысты сот жалғасуда. Бүгінгі сот отырысында күдікті қылмыс жасауына қызғаныш себеп болғанын айтқан еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 19:39
Талқылау
`