Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бензинді канистрге құйып алған”: Қазақстандық жанармай бекеті қызметкерінің әрекетіне шағымданды (видео)


Коллаж: Stan.kz

Әлеуметтік желілерде Qazaq Oil жанармай құю бекетінің бірінде түсірілген бейнеролик тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видео авторының айтуынша, жанармай құю бекетінің қызметкері ақысы төленген бензинді канистге құйып алған.

Кадрда ер адам қызметкердің әрекетіне ашуланып, түсініктеме беруін талап еткен. Бұған жауап ретінде қызметкер бензинді қайтадан көлік багына құя бастаған. Қызметкер бұл әрекетін “қыздар әр көліктен 1 литр құйып ал деп айтқан” деп түсіндірді.

Кейін клиентке жанармай құю бекетінің әкімшісі шығып, қызметкерге қатаң ескерту жасаған.

"Бұл – сіздің бензин емес. Сіз мұны ешкімнің рұқсатынсыз жасап жатырсыз. Бұлай жасауға болмайды, бұл – қылмыстық әрекет", –  деді әкімші.

Әкімші клиенттің ашуын басу үшін оған тегін қосымша бес литр жанармай құйып беруді ұсынған.

Qazaq Oil аталған оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Компания өкілдері жанармай ұрлығына  мүлде жол берілмейтінін айтты.

"Біз бірден қызметкерді жұмыстан шеттетіп, ішкі тергеу жұмыстарын бастадық. Тұтынушыларымыздан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және мұндай жағдайлардың болашақта қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынымызға кепілдік береміз", – деп атап өтті баспасөз қызметі.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 22:36
Талқылау