Бензин құйып әйелін өртеген күйеуі балаларды анасына қайтармай отыр
Екі жасар ұлының көзінше әйелі Ақерке Байғазиеваны өртеген күйеуі әйелге балаларын қайтаратын емес.
Фото: rus.azattyq.org
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Еске сала кетсек, аз уақыт бұрын Алматы қалалық соты балаларды анасында қалдыру керек деген шешім шығарған еді.
“Сот анасынан басқа ешкім балаларға қамқор болмайды деген үкім шығарған еді. Қамқоршылық органдары да мұны қолдады. Бақытқа орай, сот балаларды бөліп жіберген мамандандырылған ауданаралық сот шешімінің күшін жойып, ересек балалар әкесінде қалу керек деген. Мен балалардың әкесімен араласып тұруына қарсы емеспін, бірақ олар менімен бірге тұруы керек”, – деді әйел.
Алайда әкесінің балаларды әйелге қайтаратын түрі көрінбейді.
“Бүгін күйеуіме хабарласып, балаларды қашан әкелетінін сұрадым. “Мен білмеймін. Соттың шешімін көрмедім” дейді ол. Осының бәрін менің жүйкемді құрту үшін жасайды. Егер заң бойынша қарайтын болсақ, үкім қашан күшіне енгенше күтуге тура келеді. Маған сот орындаушыларға 140 мың теңге төлеуге тура келеді. Мен бұл ақшаны балаларға жаратар едім. Енді оның қырсықтығының кесірінен артық шығын кеткелі тұр”, – дейді Ақерке.
Оқиға 2015 жылы 24 желтоқсан күні болған. Әйелінің үстіне бензин құйған күйеуі оны өртеген. Оқиға екі жасар баланың көзінше орын алған. Ақеркені 1,2,3 деңгейдегі күйік шалған. Ол сотқа бергенімен, қылмыс құрамының толық еместігіне байланысты іс тоқтап қалған. Жақында іс қайта қозғалды. Ауданаралық мамандандырылған соттың шешімімен екі бала әкесінде, ал төрт жасар ұлы анасында қалдырылған еді.