Белгілі ауыр атлет Владимир Седов өзіне қол салды
Белгілі ауыр атлет, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанған Владимир Седов өзіне қол салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
35 жастағы спортшының мәйіті Жетісу облысы Қаратал ауданындағы Достық ауылында табылған.
"Мәйітте зорлық іздері жоқ. Туыстарының жауабына сәйкес ер адам өзіне қол салған. Қазір суицид дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс аудандық полиция басшысының бақылауына алынды", – делінген хабарламада.
Седовтың өлімін ауыр атлетика федерациясы да растады.
"Алдыңғы түні тәжірибелі спортшы, ауыр атлет Владимир Седов көз жұмды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылғы Олимпиаданың қатысушысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және рекордшысы Владимир Седов бала кезінен спортқа берілген. Үздік жетістіктері үшін "Құрмет"орденімен марапатталған. Владимир Седов 35 жаста еді. ҚР Ауыр атлетика федерациясының ұжымы Владимирдің отбасына, туыстары мен жақындарына көңіл айтады", – деп мәлімдеді федерация өкілдері.
Владимир Седов – 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасының қатысушысы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері. “Құрмет” орденімен марапатталған. Алайда 2016 жылы допинг пайдаланды деп айыпталып, 2019 жылы барлық жүлдесінен қағылды.