Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белгілі әнші өзін ұрып-соққан "ҰҚК-нің экс-қызметкеріне" қатысты сот үкіміне наразылығын білдірді

BikaBreezy лақап атымен танылған әнші Биназир Ермағанбетованы ұрды деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкеріне сот 70 мың теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Instagram BikaBreezy

Алайда әнші бұл шешіммен келіспей, бұдан да ауыр жаза сұрамақ.

BikaBreezy мен оның көршісі әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері арасындағы жанжал бірнеше апта бұрын болған. Әншінің айтуынша, ер адам оған шабуыл жасап, салдарынан басынан жарақат алған.

Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 70 мың теңге айыппұл салды. Алайда жәбірленуші бұл жазаны тым жеңіл деп санайды.

Оның айтуынша, адвокаты оған мұндай істердің сотта тез қаралатынын басынан ескерткен. Алайда оның ісі бойынша сот процесі бірнеше күнге созылды.



"Үкіммен келіспеймін. Менің көршім сияқты адамдар қоғамға қауіпті. Әуежайда ер адам қызды кепілге алған оқиғаны еске түсірейік. Бұған дейін ол автобуста әйелді ұрып-соққан, бірақ жазаланбаған. Менің көршім де басқа тұрғындармен, әсіресе әйелдермен бұған дейін жанжалдасқан. Бірақ олар жай полицияға шағымданбады", – дейді әнші.

Сондай-ақ ол осы оқиғадан кейін шетелдік лейблдермен келісім-шарты бұзылып, ән жаза алмай қалған. Ол жоғалған пайданың орнын толтыруды талап етуге ниетті.

"Алған жарақатыма байланысты түсірілімге қатыса алмадым. Біз апелляциялық шағым түсіреміз, содан кейін азаматтық сотқа барамыз", – деді әнші. 

Сот айыпталушының асырауында төрт баласы барын және бұған дейін заңмен ешқандай мәселесі болмағанын ескерді. 

Ермағанбетова айыпталушыға қатаңырақ жаза тағайындау үшін аппеляциялық шағым түсіретінін жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін BikaBreezy лақап атымен танылған әнші әрі блогер Биназир Ермағамбетова көршісінің ұрып-соққанын айтқан еді.  Онымен қоймай ер адам бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтып қорқытқан.

Талқылау