Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Белдік үзілгенше ұрды": Қазақстандық рэпердің жүкті әйелі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, көмек сұрады

дамир қойшубаев әйелін сабаған

Фото: Аружан Қойшубаеваның жеке парақшасы/ Biogr.net

Қазақстандық рэпердің әйелі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын мәлімдеді. Сөзінше, ер адам оны белдікпен ұрып, қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Qurt лақап атымен белгілі қазақстандық рэпер (шын аты-жөні – Дамир Қойшубаев) әйелі Аружан Қойшубаева күйеуін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. 4 шілдеге қараған түні Аружан Instagram желісінде денесіндегі көгерген, гематомалар мен сызаттар бар фотоларды жариялады.

Аружанның айтуынша, оқиға 27 маусым таңертең болған.

"Таңғы 10-да ол мені бір сағат белдікпен ұрды. Белдік үзілгенше сабады. Ол үзілгесін басқасымен ұрды. Мен пәтерден қаша алмағандықтан, айқайлай бастадым. "Көмектесіңдер, құтқарыңдар, мені өлтіріп жатыр" деп айқайлағанымды көршілер естіп, мені құтқарып қалды. Оны қатты жақсы көргендіктен, бұл жайт туралы айтуға қорықтым. Бірақ ол кінәсін түсінер емес”, – деді жәбірленуші.

дамир қойшубаев әйелін сабаған

Фото: Аружан Қойшубаеваның жеке парақшасы

Кейінірек Аружан рэпердің елден кетуге ниетті болғанын, оған қоқан-лоқы жасағанын айтады. Сондай-ақ достарымен келіп, оған ешқандай шағымым жоқ екенін видеоға айтуға мәжбүрлемек болғанын айтады. Музыканттың анасы да оны арыз жазудан бас тартуға көндірмек болған екен. Соған қарамастан Аружан полицияға арыз жазуға ниетті.

Әнші SayMo мен Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді жәбірленушіге қолдау білдірді.

Астана полиция департаменті оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жеткенін мәлімдеді. Агрессорға қатысты қорғау бұйрығы шығарылды.

“Құқықбұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы “Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер” бойынша жинақталған материалдар қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін сот органына жіберілді", – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Алайда сотта жәбірленуші кешірім беріп, екі тарап татуласқан дейді.

"Қазір оқиғаға қатысты басқа арыз түскен жоқ. Қосымша шаралар қабылданып, оның қорытындысы бойынша ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралады", – деп қосты полиция.

Qurt – 24 жастағы рэпер. Ол алғашында тәуелсіз әртіс ретінде өнер көрсетті, кейін Ozen қауымдастығына қосылды. 2020-2021 жылдары ол Скриптониттің Musica36 лейбліне қосылды. Ол Скриптонитпен “Сумки” әнін шығарды. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 04 Шілде, 2025 14:05
Талқылау