Беларусьте президент сайлауы өтіп жатыр: Кімдер үміткер болды
Беларусьта президенттік сайлау үшін дауыс беру басталды. Орталық сайлау комиссиясы 5325 сайлау учаскесі ашылып, олар таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: РИА Новости
Мәліметтерге сенсек, дауыс берушілер саны 6 900 504. Олардың ішінде 88 мыңнан астам азамат алғаш рет дауыс бермек. 2025 жылғы сайлауға дейін 21-25 қаңтар аралығында азаматтардың 41,81 пайызы алдын ала дауыс беріп үлгерген.
Сайлау учаскелерінде милиция кезекшілік ететін болады. Дауыс беру кабиналары ашық. Бюллетеньдерді суретке түсіруге тыйым салынған, бұзғандарға айыппұл салынады. Шетелде сайлау учаскелері болмайды. Басқа елде тұратын беларусь азаматтарына елге келіп, дауыс беру ұсынылады.
Сайлауға бес кандидат тіркелді:
- Александр Лукашенко (70 жаста), Беларусьтің алғашқы әрі қазіргі президенті (1994 жылдың 20 шілдесінен бері қызмет атқарып келеді). 1994, 2001, 2006, 2010, 2015 және 2020 жылдардағы президенттік сайлауға қатысқан. 2020 жылғы сайлаудан кейін енді президенттікке үміткер болмайтынын мәлімдеген еді;
- Олег Гайдукевич (47 жаста), парламенттің төменгі палатасы – өкілдер палатасының депутаты, Беларусьтегі ең ірі партия болып саналатын Либерал-демократиялық партияның (ЛДП) көшбасшысы;
- Анна Канопацкая (48 жаста), кәсіпкер, 2016-2019 жылдары өкілдер палатасының депутаты болған, 2020 жылғы президенттік сайлауға қатысып, ОСК мәліметінше, 1,68 пайыз (97,4 мың) дауыс жинаған;
- Сергей Сыранков (41 жаста), 2024 жылдың мамырынан бастап Коммунистік партияның Орталық комитетінің бірінші хатшысы, өкілдер палатасының бұрынғы депутаты;
- Александр Хижняк (46 жаста), 2022 жылдан бері Еңбек және әділет республикалық партиясының төрағасы, 2018 жылдан бастап Минск қалалық кеңесінің депутаты.
Еске салайық, бұған дейін Беларусьтегі соңғы президенттік сайлау 2020 жылы өткен еді. Президент бес жылға тікелей дауыс беру арқылы сайланады. 2020 жылғы сайлау қорытындысы бойынша президенттікке қайтадан Лукашенко сайланған еді. Бұдан кейін Лукашенконың Беларусь президенттігіне жетінші мәрте кандидат ретінде ұсынылғаны хабарланған еді.