Бесағашта екі жыл өтпестен қирап қалған беткейге 270 миллион теңге жұмсалған

Алматы облысының Бесағаш ауылында болған лай көшкінінің салдарынан облыс әкімдігі 270 миллион теңгесінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның мән-жайы
8 ақпанда сағат 10:23-те Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы “Бурабай” коттедж қалашығында лай көшкіні болды.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұған тұрақсыз ауа райы себеп болған. Жауын-шашын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, тау баурайынан топырақ массасы сырғып түскен.
“Оқиға салдарынан жеке тұрғын үй аумағындағы бастырма мен жеңіл көлік зақымданды. Тұрғын үйлер мен олардың көтергіш құрылымдарына зақым келмеген. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ”, – деп бұған дейін ТЖД хабарлаған еді.
Ақпаратқа сәйкес, дәл осындай көшкін 2024 жылы да болған. Сол кезде олар үйлерді апатты деп танып, сүріп тастап, өтемақы төлеуді сұраған. Алайда әкімдік оның орнына тау беткейін бекітуді таңдаған. Енді жаңа опырылудан кейін жергілікті тұрғындар әлі де үйлерін бұзуды талап етіп отыр, бірақ билік әзірге бұл мәселені тек талқылау кезеңінде.
Әкімдік не дейді
Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі беткейді бекіту туралы шешім 2024 жылы қабылданғанын мәлімдеді.
“Шешім төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысында қабылданды, содан кейін төтенше жағдай жарияланды. Комиссия құрамына Талғар ауданы әкімдігінің, Талғар аудандық ТЖ бөлімінің және Алматы облыстық ТЖ органдарының өкілдері кірді. Шешім алқалы түрде қабылданды”, – делінген хабарламада.
Әкімдіктің деректеріне сүйенсек, тау беткейін бекіту жұмыстарына қаржы екі кезеңмен бөлінген: бірінші кезеңге – 149 099 106 теңге, екінші кезеңге – 120 606 978 теңге. Осылайша, шамамен 270 миллион теңге бөлінгеніне қарамастан, екі жылдан кейін беткей қайтадан опырылып отыр.
Әкімдік бұл қаражатқа бірқатар инженерлік жұмыстар жүргізілгенін нақтылады.
“Топырақты бекіту, тіреу қабырғасын салу, тау массивін каскадты әдіспен кесу, сондай-ақ дренаж жүйесі мен су бұру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілді”, – деп хабарлады әкімдік.
Биылғы 7-8 ақпандағы опырылыс салдарынан бір тұрғын үй зардап шекті.
Сүріп тастау және өтемақы
Баянауыл көшесінің тұрғындарын қауіпті аймақта тұрған үйлер бұзыла ма деген сұрақ қатты алаңдатып отыр. Әкімдік бұл мәселе қазір қаралу сатысында екенін мәлімдеді.
“Қазір тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажет рәсімдердің барлығы аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданады”, – делінген хабарламада.
Әзірге өтемақы көлемі мен нақты қанша үй сүрілуі мүмкін екені туралы нақты жауап жоқ. Тұрғындар үйлерінің алдағы тағдырына қатысты ресми түсініктемені әлі де күтіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында топырақ көшкіні жүргені хабарланған еді.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты