Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бедеуліктен бастап ас қорытуға дейін пайдалы: Өзін-өзі емдеген гориллалар дәрілік өсімдіктердің жаңа түрлерін табуға көмектесті

Өзін-өзі емдеген гориллалар дәрілік өсімдіктердің жаңа түрлерін табуға көмектесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Getty Images

Габон ғалымдары Батыс Африкадағы жабайы гориллалар жейтін және жергілікті халықтардың емшілері пайдаланатын тропикалық өсімдіктерді зерттеу барысында емдік қасиеттері бұрын белгісіз болған төрт жаңа өсімдік түрін тапты.

Зертханалық тәжірибелерде бұл өсімдіктерде антиоксиданттардың көп мөлшері, сондай-ақ микробтармен күресетін заттар бар екені анықталды. Сондай-ақ зерттелген өсімдіктердің бірі антибиотиктерге төзімді супербактериялармен күресуде өзінің тиімділігін көрсеткен.

Үлкен маймылдардың көбінесе емдік қасиеті бар өсімдіктерді жеу арқылы өзін-өзі емдейтіні белгілі. Мәселен бұған дейін жараларын тезірек емдеу үшін емдік шөп пастасын қолданған жаралы орангутан туралы жазған едік.


"Жапырақты шайнап, жарақатқа жаққан": Орангутанг бетіндегі үлкен жараны емдік өсімдіктің көмегімен емдеп жазды


Зерттеу барысында ғалымдар алдымен Габондағы Моукалаба-Дуду ұлттық саябағында мекендейтін батыс жазық гориллалардың қандай өсімдіктерді жейтінін бақылаған.

Содан кейін зерттеушілер жергілікті дәстүрлі емшілермен сөйлесу арқылы төрт өсімдік түрін таңдаған: мақта ағашы, кротонның кіші түрлерінің бірі, африкалық тик және інжір ағашы.

Халықтық медицинада бедеуліктен бастап ас қорытудағы бұзылуларға дейін емдік мақсатта қолданылатын бұл ағаштардың қабығынан көптеген пайдалы химиялық заттар табылған.

"Бұл гориллалардың дамуы барысында өздеріне пайдалы өсімдіктерді жеуді үйренгенін, сондай-ақ Орталық Африканың тропикалық ормандары туралы зерттеулерде үлкен олқылықтар бар екенін көрсетеді", – дейді зерттеуде Габон ғалымдарымен бірге жұмыс істеген Дарем университетінің (Ұлыбритания) антропология профессоры Джоанна Сетчелл. 

Талқылау