"Базарда жасөспірімге қайыр сұратқан": Алматыда қайырымдылық қорының директорына айыппұл салынды

Фото: Жасанды интеллект жасаған
Алматыда қайырымдылық қорының директоры жасөспірімді базарда қайыр сұрауға тартқан. Директорға бұл үшін 196 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қор басшысы 15 жастағы жасөспірімді қаланың бір базарында ақша жинауға жұмылдырған. Жасөспірім өтіп бара жатқан адамдардан дауыстап және тым өктем түрде қайырымдылық сұраған. Соның салдарынан қоғамдық тәртіп пен заңда бекітілген қайырымдылық қызмет ережелері бұзылған. Осылайша жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жағдайына тартылған.
Қор директорының үстінен әкімшілік кодекстің 128-бабы 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағанды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тарту) ісі қозғалды. Сотта әйел өз кінәсін мойындады. Тәртіп бұзушылық жасөспірімнің және қор жетекшісінің түсініктемелері мен жиналған дәлелдер арқылы расталды.
-
Семейде өзін мүгедек ретінде көрсетіп, қайыр сұраған ер адам 5 тәулікке қамалды (видео)
-
Алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баланың емі үшін жұрттан ақша жинап келген
Аталған бап жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырады. Алматының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі арнайы ауданаралық соты құқық бұзушылықтың сипатын және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескере отырып, әйелге 196 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді