Базар, жер телімі мен зауыт: Бас прокуратура елге 760 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеді
Бас прокуроры Берік Асылов жалпы сомасы 760 миллиард теңге болатын активтердің қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокурордың айтуынша, қайтару шараларын комиссияның барлық мүшелері мен тартылған мемлекеттік органдар атқарып жатыр
"Арнайы заңның қабылдануын күтпей-ақ, ортақ күш-жігермен елге 760 млрд теңге сома болатын активтерді қайтаруға мүмкіндік туды", – деді Берік Асылов Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында.
Бұдан бөлек, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлікті қайтару туралы ондаған талаптарды қанағаттандырды. Олардың ішінде өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер және т.б. бар.
Жалпы қайтарылған активтердің жалпы сомасы 620 миллиард теңгеге тең. Тағы 575 миллион доллар шет елдерден қайтарылыпты. Оның ішінде Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктері бар.
Кулуарда Берік Асылов бұл мүліктердің бір бөлігі бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болғанын нақтылады. Сондай-ақ заңсыз шығарылған мүлікті қайтаруда көмек көрсету үшін өзге елдерге 100-ден аса хат жолданған. Ол бойынша құны 100 миллион доллардан асатын дүние-мүлікке тыйым салынған.
Қаржы министрлігі қаржы-өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесіп 100 миллиард теңгеден астам салық өндірген. Ал прокурорлар қабылдаған шаралардың арқасында меншікке өтіп кеткен 460 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды.
Активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек қайтарылған активтер еліміздің әр саласына жіберілетінін мәлімдеді.
“Мысалы салықтан жалтарулар болса, біздің комиссия 100 миллиард теңгенің салығын қайтарды, ол салық органдарының өз шотына түседі. Оған қоса заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылды. Бұл да әр ауылдың, әр аумақтың меншігіне қайтарылады. Тәркіленген басқа да мүліктерді қайда жіберу керегі талқыланып жатыр", – деді Зеін Әліпбек.