Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"700 мың теңге": "Бәйтерек" ұлттық холдингі қызметкерлерінің орташа жалақысы белгілі болды

“Бәйтерек” холдингінде қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 700 мың теңге. Мұны холдингтің басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин айтты. Сонымен қатар ол штат санын қысқарту жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бастапқыда холдинг басшысы қызметкерлердің табысы туралы деректерді айтудан бас тартып, мұны шектеулермен түсіндірген.

“Жалақы көлемін айта алмаймын. Бұл құпия”, – деді ол.

Алайда ол кейінірек нақтылап: “Орташа есеппен – 700 мың теңге”, – деп жауап берді. 

Ал топ-менеджменттің табысына қатысты сұраққа холдинг басшысы бұл ақпарат кейінірек белгілі болатынын айтты.

“Жыл соңында есеп жарияланады. Сол кезде аудиторлық есептен көресіздер. Қазір айта алмаймын. Бұл коммерциялық құпия. Қызметкерлермен келісімшарт жасасқанмын. Сондықтан жария ете алмаймын. Заңға сәйкес қажет декларацияны тапсырамын – ол салық органдарында бар. Біз жыл сайын аудиттен өткен есепті жариялап отырамыз”, – деді ол.


"300-350 мың теңге алады": Астанадағы санавиация қызметкерлері жалақыларын көбейтуді талап етіп, шағымданды


"40 градус аязда жұмыс істейміз": Астанада жұмысшылар жаздан бері жалақының кешігетінін айтып әкімдік алдына жиналды


Сонымен қатар басқарушы қызметкерлерді қысқартуға қатысты сұрақты холдинг басшысы іс жүзінде жоққа шығарды. Оның айтуынша, соңғы жылдары “Бәйтерек” арқылы бөлінетін қаржы көлемі бірнеше есе артқанымен, қызметкерлер саны өзгермеген, яғни шамамен 3 900 адам.

“2023 жылдан бері қаржыландыру көлемі 2–3 есе өсті. Біз штат санын арттыруды сұрадық, алайда қазіргі деңгейде қалды. Қысқартуға мүмкіндік жоқ”, – деді ол.

“Сол жағалаудағылар” туралы және квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жөніндегі талқылауға қатысты пікір білдірген Қарағойшин қызметкерлерге түсетін жүктеме керісінше артып жатқанын мәлімдеді. 

“Холдингтің орталық аппаратын коммерциялық банктермен салыстырсақ, бізде адам саны әлдеқайда аз. Холдинг портфелі шамамен 13–14 триллион теңге. Әр қызметкерге шаққанда жүктеме өте жоғары ”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Бәйтерек” холдингі және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге, ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау керек екенін айтқан еді. Сонымен қатар ол ұлттық компания қызметкерлері жұмыс істеудің орнына бос талқылаулармен айналысып, “шәй мен кофе ішіп отырады” деп айтқан еді.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:23